What are you looking for?

Путин мен Трамптың келіссөзі: АҚШ, Ресей, Украина және Қазақстан ұстанымы қандай

19.03.2025

Телефон арқылы әңгіме 2,5 сағат уақытқа созылды.

АҚШ президенті Дональд Трамп Украина мәселесі бойынша Ресей басшысы Владимир Путинмен телефон арқылы әңгімелесті. Әңгіме 2,5 сағатқа созылып, тараптар оның қорытындысы бойынша мәлімдеме жасады.

АҚШ ұстанымы

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт екі елдің президенттері Украинадағы соғысты тоқтату және бейбітшілік қажет екені туралы әңгімелескенін хабарлады.

"Президенттер бұл қақтығыс берік бейбітшілікпен аяқталуы тиіс екеніне келісті. Тараптар Украина мен Ресей соғысқа жұмсап жатқан қан мен қаражат халықтардың мұқтаждығына жұмсалуы тиіс екенін айтты. Президенттер бейбітшілікке жол оқ атуды энергетикалық және инфрақұрылымдық тоқтатудан, техникалық келіссөздерден және Қара теңіздегі қақтығысты тоқтатудан басталуы тиіс екеніне келісті. Бұл келіссөздер Таяу Шығыста тез арада басталады", – деді Кэролайн Левитт.

Ресей ұстанымы

Кремльдің хабарлауы бойынша, Владимир Путин Дональд Трамптың 30 күндік энергетикалық инфрақұрылымға шабуыл жасамау жөніндегі бастамасына қолдау білдіріп, бірден әскерге тиісті бұйрық берді. Сонымен қатар, Ресей президенті 19 наурызда "175 және 175" форматында кепілдегі сарбаздар алмастырылатынын хабарлады. Мәскеу ауыр жараланып, Ресей ауруханаларында ем алып жатқан 23 украин сарбазын еліне қайтаратынын айтты.

АҚШ пен Ресей Украинадағы шиеленісті реттеу үшін сарапшылар тобын құрады.

Украина ұстанымы

Украина президенті Владимир Зеленский Telegram арнасында энергетикалық нысандарға оқ атудан бас тарту идеясымен келісетінін жазды.

"Бүгін Путин оқ атуды толықтай тоқтату ұсынысынан бас тартты. Әлем Путиннің соғысты созу әрекетіне қарсы шыққаны дұрыс еді. Ресейге қарсы санкциялар енгізу, Украинаға көмектесу... Еркін әлемде одақтас елдердің әлеуетін күшейту және қауіпсіздік кепілдіктері бойынша жұмыс жүргізу керек. Ресей азаматтық инфрақұрылым нысандарына оқ атқылауды нақты тоқтатқан жағдайда ғана бұл бізді бейбітшілікке жақындата түсер еді", – деп жазды Владимир Зеленский.

Қазақстан ұстанымы

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путин мен Дональд Трамптың Украина бойынша телефон арқылы келіссөзінің қорытындысын құптайды, деп хабарлады президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.

"Президент екі елдің көшбасшылары нақты уағдаластықтар негізінде Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аса маңызды ұзақмерзімді бейбітшілікке қол жеткізуге ниетті екендерін көрсетті деп санайды. Мемлекет басшысы бұған дейін барлық державаларды Украина бойынша "Бейбітшілік формуласын" әзірлеу мақсатында келіссөздер процесін бастауға шақырып, БРИКС саммитінде Қытай мен Бразилияның бейбітшілік жоспарын қолдаған болатын", – деп жазды ол.

Social Link

Follow Me On Social Media