What are you looking for?

Ғаламтордың қызығын бар-жоғы екі ай көрген ел тағы интернетсіз қалды

19.03.2025

Бәзбіреулер тартылған сымдарды қайта-қайта қиып, халықтың наразылығын туғызды.

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында жеті ауылдың тұрғындары интернетсіз қалды, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Халық ғаламтордың қызығын бар-жоғы екі ай ғана көріпті. Басқұдық ауылының тұрғындары қаражат жинап, жыл басында жылдамдығы жоғары интернет орнатқан. Себебі, оқушылар мен мұғалімдер үшін ғаламтор ауадай қажет. Бірақ бәзбіреулер тартылған сымдарды қайта-қайта қиып, халықтың наразылығын туғызды. Шулаған халық мұндай жағдай бірінші рет емес деп отыр.

Ал бұл ауылға интернет желісін жүргізген компания өкілдері қастандық жасайтындарды аңдып, полицияға шағым түсірдік дейді. Олар интернет сымдарын үзетіндердің кесірінен 70 миллион теңге шығынға баттық деп отыр.

"Маңғыстауэнерго" кәсіпорнының басшысы "бейжазбадағы адамдар бізде жұмыс істемейді, желілерді кесуге тапсырма бермедік" деп ақталды. Дегенмен, кәсіпкердің техникалық шартының күші жойылды. Сол себепті енді олар интернет желісін жүргізе алмайды дейді.

Ал кәсіпкер техникалық шарттың тоқтатылғаны туралы хабарлама алмадым дейді. Тараптар ортақ мәмілеге келмейінше жеті бірдей ауыл интернетсіз отырмақ.

Social Link

Follow Me On Social Media