Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ ресми арнасы хабарлады , деп жазады Egemen.kz.
19 наурыз сағат 01:50 шамасында ауа температурасының көтерілуі мен қардың жылдам еруінен «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка» республикалық автожолының 217–218 шақырымы аралығындағы жолды су басып қалған.
Су басқан учаскенің жалпы ұзындығы 100-150 метрге, ал су биіктігі 5-8 см-ге жеткен.
«Бұл учаске төмен орналасқандықтан, еріген қар суы осы аймаққа шоғырланған. 217-шақырымда диаметрі 1×1 м болатын су өткізгіш құбыр бар, ол қазіргі уақытта ашық және тазартылған күйде жұмыс істеп тұр. Тасқынның ары қарай жайылуының алдын алу және салдарын барынша азайту мақсатында 200 тонна құм мен 800 қап дайындалды, сондай-ақ 1 экскаватор, 1 тиегіш, 3 самосвал, 2 жол жөндеу қызметінің техникасы және ДЭУ-60-тың 30 қызметкері жұмылдырылды», делінген «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ хабарламасында.
Бүгін сағат 10:30-да жолдағы көлік қозғалысы қалыпына келтірілген. Мамандар жағдайды тұрақты бақылауға алған.