Жетісу облысында тұратын көпбалалы отбасы өз ауласындағы жылыжайда 50 мың түп қызғалдақ өсірді, деп хабарлайды 24kz.
Көксу ауданының Мұқыры ауылының бағбандары голландиялық көктем аруын мереке қарсаңында сатылымға шығара бастады.
Балжан Нүсіп есімді бағбан бастапқыда гүл алып-сатумен айналысқан. Үш жыл бұрын жолдасы екеуі жылыжай салып, қызғалдақ өсіруді қолға алды. Содан бері біршама тәжірибе жинақтаған олар қазір өсімдіктің ерекшелігіне қарай әртүрлі технологияны қолданады.
Балжан Нүсіп, бағбан:
- Бұны отырғызған кезде жерді бірінші құнарландырамыз. Одан кейін тұқымдарын отырғызып бастаймыз. Одан кейін құмын себеміз. Сол құмды сепкеннен кейін тамшылатып суарғанда тамыр алады. Тамыр алғанда тоң пайда қылдырамыз. Минус температурада ұстап, одан кейін от жағып, бұларға көктемді сезіндіретін боламыз. Көктем келді деп оята бастаймыз. Бұлардың бір кереметі – көктемді сезінетін гүлдер.
8 мың шаршы метрлік жылыжайда гүлдің 16 түрі жайқалып тұр. Бағбандар оны сұрыптап, орап, сатылымға шығарып жатыр. Жұпар иісі аңқыған қызғалдақтар мерекеде ақ жаулықты аналарға, нәзік жанды аруларға сыйланады. Шаңырақтағы шаттықты еселейтін өсімдікті өсіру үшін отбасы желтоқсан айынан бері тынбай еңбек етті.
Асылхан Омарбекқызы, бағбан:
- Ертеңгі сағат 7-де тұрып, сағат 11-ге дейін жинаймыз. Гүл ашылып кеткен соң жинауға болмайды. Кешкі сағат төрттен түнгі тоғыз онға дейін жүреміз. Жиырмадан буып, қағазға орап, қоймаға сақтаймыз. Бала-шағамның арқасында осылай еңбек етіп жатырмыз.
Тәуекелі жоғары, машақаты мол шаруаны ұршықша иіріп отырған бағбандар мерекеден кейін гүлдің басқа тұқымдарын егеді.
Балжан Нүсіп, бағбан:
- Қазіргі уақытта қыстыгүні гүлді егіп болатын болсақ, жаздыгүні біз жазғы гүлдермен айналысамыз. Мысалы голландық астралар, сентябринкалар, статица деген сияқты гүлдерді егіп, жаз бойы сомен айналысамыз. Яғни, біз жерді бос қалдырмаймыз.
Еңбекқор жандар сұраныстың көптігіне байланысты енді жылыжай ауқымын ұлғайтпақ. Сөйтіп, әрбір жанға қуаныш сыйлайтын өсімдікті көптеп өсіруді жоспарлап отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Айгүл Ғазизулина