What are you looking for?

Елді мекенде көлікті оталдырып тұруға қатысты талап қайта қаралады – Скляр

05.03.2025

Бұған дейін көлікті 5 минуттан артық оталдырған жүргізушіге айыппұл салу мәселесі халықтың наразылығын туғызған болатын.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр елді мекендерде көлікті оталдырып қоюға қатысты талаптар қайта қаралатынын хабарлады. Ол бұл туралы мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтты.

"Бүгінгі күні "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы аясында елді мекендерде жұмыс істеп тұрған қозғалтқышпен тоқтап тұру талаптарын қайта қарау бойынша тиісті жұмыс жүргізілуде. Осы мәселе өзінің тиісті шешімін аталған заң жобасы шеңберінде табады деп пайымдаймыз", – деп жауап берді Роман Скляр.


Оқи отырыңыз: Алматы таксиді электр көліктерімен ауыстыруға әлі дайын емес – Олжас Бектенов


Бұған дейін көлікті 5 минуттан артық оталдырған жүргізушіге айыппұл салу мәселесі халықтың наразылығын туғызған болатын. Ол мәжіліс депутаттарының үкіметке сауалына арқау болды.

"Автокөлікті 5 минуттан артық оталдырып тұруға тыйым салатын министрліктің шешімін дереу өзгерту керек. Әрине қоршаған ортаны да қорғау керек, бірақ нақты өмірдегі жағдайды да ескеру қажет. Көлік оталып тұрғаннан экологияға зиян келеді дейтін уәкілетті органдар алдымен ауаға тонналап зиянды қалдық тастайтын зауыттар мен аспаннан қара қар жаудыратын мекелерді тәртіпке салып алсын", – деген болатын депутат Нартай Сәрсенғалиев.

Ал Ішкі істер министрлігі кейін көлікті 5 минуттан артық оталдырғанға айыппұл салу туралы норма жоқ екенін түсіндіріп, бұл жаңсақ пікір екенін хабарлаған.

Қазіргі қолданыстағы норма бойынша, тұрғындарға қолайсыздық келтіретін болса, елді мекендерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған механикалық көлік құралдарының тоқтап тұруына тыйым салынады (Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №534 бұйрығымен бекітілген Жол жүрісі қағидалары, 88-тармақтың 5) тармақшасы).

Social Link

Follow Me On Social Media