Ішкі істер министрлігі заңсыз айналымнан қаруды, оның ішінде қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақты табу және тәркілеу бойынша жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі .
Polisia.kz мәліметінше, жыл басынан бері полиция 664 қару, 54 граната және 8 мыңға жуық оқ-дәрі тәркіледі. Жалпы қабылданған шаралардың арқасында соңғы үш жылда 8 541 түрлі қару, сондай-ақ 870 граната мен 118 246 оқ-дәрі табылып, тәркіленді.
Сонымен қатар жедел іс-шаралар барысында еліміздің әртүрлі өңірінде 2 316 қару сақталған 772 схрон табылды. Бүгінгі таңда 1 263 қарудың қаңтар оқиғасы кезінде ұрланғаны анықталды. Тәркіленген қалған 7 278 қарудың тіркеу нөмірлерін қаскөйлер қасақана жойған. Осыған байланысты олар бойынша қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі, — деді ІІМ криминалдық Полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.