What are you looking for?

«Наурыз жұмыскер» бағдарламасы бойынша алғашқы баспана берілді

19.03.2025

Жұмысшы мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында іске қосылған «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы бойынша бірінші болып Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» серіктестігінің инженер-конструкторы Данияр Асанов үйлі болды, деп жазады Egemen.kz.

Банкке осыдан екі күн бұрын өтініш берген жас маман бүгін екі бөлмелі пәтердің құжатын қолына алды. Данияр өз пәтерін жаңа салынып жатқан зәулім үйлердің бірінен таңдаған. Бұл үйде қазір әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Пәтерді бастан-аяқ құрылыс компаниясының өзі әрлеп, кіруге дайын етіп береді.

«Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осыған дейін анам екеуміз пәтер жалдап тұрып келдік. Енді басымда үйім бар. Әсіресе, анамның қуанғанын көрсеңіз. Бұл – менің жеке өмірімдегі үлкен қадам, ұмытылмас сәттердің бірі. Енді келешектің қамын жасап, отбасын құру жағын ойластыра берсем болады», дейді жас маман.

«Наурыз жұмыскер» бағдарламасы жұмысшы мамандарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан нақты қолдау, үлкен қамқорлық екені даусыз. Бағдарламаға қатысушыларға тұрғын үй таңдауға алты ай уақыт беріледі. Бастапқы жарнаның көлемі – баспана бағасының 10% пайызы. Алайда бұл 2 миллион теңгеден кем болмауы тиіс.

Аталған бағдарлама іске қосылған алғашқы үш күннің ішінде «Отбасы Банкі» 31 млрд теңгеге 1 094 өтініш қабылдаған. Бағдарламаға қатысушылардың орташа жас мөлшері отыз бірде. Несие алушылардың ең жасы – енді ғана еңбек жолын бастаған он тоғыздағы жастар.

​«Ең бастысы, бағдарлама шынымен де жұмыс істейді. Яғни, жас мамандар тиімді бағаментұрғын үй сатып ала алады. Құрылыс компаниялары да тұрғындар күтіп қалмайтындай толық әрленген әрі таза пәтерлерді ұсынуға дайынотыр. Мемлекет басшысы 2025 жылды жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялағаны белгілі. Осыған орай елімізде жұмысшылардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты шешімдер қабылданып, іске асырылып жатыр. Мұны зауыттар мен кәсіпорындар да қолдап отыр. Ал аталған мемлекеттік бағдарла жас мамандардың баспаналы болуына көмектеседі», дейді «Отбасы банкі» басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов.

Social Link

Follow Me On Social Media