Мемлекет басшысы IV Ұлттық құрылтайда 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланғанын еске салып, жастардың мүмкіндіктерін кеңейту және кәсіптік бағдарлауды дамыту қажеттігін атап өтті. Сарапшылардың болжамы бойынша, алдағы 6 жылда жұмысшы мамандық иелеріне сұраныс 400 мыңнан астам адамды құрайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Алдағы 6 жылда кадрларға жиынтық сұраныс саны 1,6 млн адам болады деп күтілуде, оның ішінде 900 мыңға жуығы кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлерге, 400 мыңнан астамы жұмысшы мамандық иелеріне тиесілі болады. Жұмысшы кадрлар құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және денсаулық сақтау салаларында аса сұранысқа ие, – деді Еңбекмині Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Азиз Ибрагимов.
ҚР ЕХӘҚМ мәліметінше, құрылыс саласындағы ең үлкен сұраныс мынадай мамандықтарға күтіледі: сылақшылар – 9 758 адам, құрылыс бригадаларының прорабтары – 9 477 адам, дәнекерлеушілер – 7 229 адам; ауыл шаруашылығы саласында: фермерлер – 10 695 адам, тракторшылар – 7 141 адам, ірі қара малды өсіру бойынша – 4 940 адам; өңдеу өнеркәсібінде: дәнекерлеушілер – 3342 адам, тігіншілер мен киімді қалпына келтірушілері – 2606 адам, өнеркәсіптік жабдықтардың слесарлары – 2367 адам, сантехниктер мен құбыр өткізуші – 2051 адам; денсаулық сақтауда: орта медициналық персонал – 24 614 адам, жедел жәрдем жүргізушілері – 4 604 адам, фельдшерлер – 4 536 адам.