Алматыда ер адамның әйелін көшедегі жаттығу құрылғысында күштеп жаттықтырғаны түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Telegram арналарында тараған кадрларда ер адамның әйелді жаттығуға мәжбүрлеп отырғаны көрсетілген. Видео авторларының айтуынша, әйел бұған дейін инсульт алған, ал жергілікті тұрғындар бұл көріністі күн сайын байқайды.
Кадрлардан ер адамның әйелді жаттығу құрылғысына отырғызуға тырысып жатқаны көрінеді. Әйелге бұл әрекетті орындау қиынға соққанымен, ол жаттығу жасай бастаған. Видео желі қолданушыларының ашуын туғызып, түрлі пікірлерге себеп болды.
Алматы полиция департаменті бұл оқиға бойынша "102" пультіне ешқандай шағым немесе хабарлама түспегенін мәлімдеді.
Қазір Әуезов ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері тексеру жүргізіп жатыр. Оқиғаға қатысушылар мен мән-жайлар анықталып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады, – деп хабарлады құқық қорғау органдары.