Президент «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ басқарма төрағасын қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповты қабылдап, компанияның 2024 жылғы қызметінің негізгі көрсеткіштері мен даму стратегиясымен танысты:
- уран өндірісінің көлемі – 23 мың тонна;
- сату көлемі – 16,6 мың тонна;
- рекордты табыс (+26%) – 1,8 трлн теңге;
- бюджетке салық түсімі (+58%) – 720 млрд теңге.
Президентке әлемдік нарықтағы ахуал, жаңа келісімшарттар мен инвестициялық жобалар жөнінде баяндалды. Өткен жылдың ең басты оқиғасы ретінде «Үлбі-ЖБҚ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зауытының 200 тонна төмен байытылған уран өндіріп, толық қуатында жұмыс істей бастағанын айтуға болады.
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамын дамытудың 2025-2034 жылдарға арналған жаңа стратегиясы таныстырылды. Оның аясында компания елдің минералды-шикізат базасын ұлғайтуға және оны тиімді пайдалануға ден қоймақ.
Былтыр ресурс қоры 170 мың тоннаға бағаланған перспективті аумақтарда уранды барлау жұмыстарын жүргізу үшін жаңа лицензиялар берілген.
Президент «Қазатомөнеркәсіп» акционерлік қоғамының жұмысын одан әрі жетілдіруге және компаниялар тобының әлеуметтік маңызы бар жобаларды орындауға қатысты бірқатар міндет жүктеді.