Шетелге 17,5 мың тонна қой еті экспортталды.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 132,8 мың тонна қой еті өндірілген. Бұл ішкі сұранысты толығымен жапқан. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Премьер-министр қой шаруашылығы саласын дамыту бойынша қандай жұмыстар атқарылғанына тоқталды.
"Үкімет аталған бағытта мал басын ұлғайтуды, асылдандыру жұмыстарын жетілдіруді және сала өнімдерін өткізуді қамтитын кешенді жұмысты іске асырып жатыр. Статистика органдарының мәліметі бойынша 2024 жылы елдегі қой саны – 18,5 млн бас, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 9,2 %-ға артық. Оның ішінде 3 млн бас (16,2 %) – асыл тұқымды қой. Сондай-ақ өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде өндірілген қой еті көлемі 132,8 мың тоннаға жетті, бұл ішкі сұранысты толығымен жабады", — деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, қой етінің экспорты – 17,5 мың тонна, ал импорт 31 тонна болған.
"Экспорттың негізгі көлемі Өзбекстанға, БАӘ мен Иранға жөнелтілді", — делінген жауапта.
Үкімет басшысы саланың әлеуетін нығайту үшін қой шаруашылығын дамытудың 2024 – 2026 жылдарға арналған жол картасы бекітілгенін атап өтті.
Жол картасында мемлекеттік қолдаудың қажетті шаралары ұсынылып, асыл тұқымды қой шаруашылығын дамыту, селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты жетілдіру, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экспорт нарықтарын кеңейту, сонымен қатар қой жүні мен терісін өңдеу бағытындағы іс-шаралар қарастырылған.
"Осылайша, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау қағидаларына сәйкес өнімділік пен сапаны арттыру үшін қой шаруашылығын дамытуға субсидиялар көзделген. Бұл мақсаттарға 2024 жылы 15,1 млрд теңге бөлінді, ал биыл 16,8 млрд теңге қарастырылған", — деді Премьер-министр.