Бұл туралы «KMF» «МҚҰ» АҚ Басқарма Төрағасы Шалқар Аманғосұлы Жүсіповпен сұхбатында айтты.
KMF ұзақ жылдар бойы микроқаржылық сектордың көшбасшысы болды. Неліктен компания екінші деңгейлі банкке айналу туралы шешім қабылдады?
— Расымен де, KMF Қазақстандағы ең ірі микроқаржылық ұйым және нарықтағы позициясы да мықты. Біз 27 жылдан астам уақыт ішінде клиенттердің, халықаралық серіктестер мен инвесторлардың сеніміне ие болдық.
Біздің сенімділігіміз бен тиімділігіміз жетекші халықаралық институттармен расталады. Біз ЕҚКДБ (Еуропа қайта құру және даму банкі), IFC (Дүниежүзілік банк), KfW, FMO сынды ірі инвесторлармен жұмыс істейміз. Бұл кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарына қолдау көрсетудің ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді.
KMF – Қазақстанның микроқаржы ұйымдары қауымдастығы (ҚМҰҚ) мүшесі және БҰҰ-ның Жаһандық шартына қатысушы, тұрақты дамудың үздік әлемдік стандарттарын ұстанады. Біздің B+ деңгейіндегі несие рейтингіміз қаржылық тұрақтылығымыз бен серіктестердің сенімін көрсетеді.
Алайда, уақыт өте келе біз клиенттерімізге тек шағын несие алудан бөлек, басқа да қаржылық қызметтер қажет екенін түсіндік. Олар қаражаттарын қауіпсіз сақтауды, төлем сервистерін пайдалануды және бизнесті дамытуға арналған қосымша мүмкіндіктерді қалайды. Сондықтан қызметтер ауқымын кеңейтіп, екінші деңгейлі банкке айналу – логикалық қадам болды.
Бұл шешім бізге нарықтағы позициямызды нығайтып қана қоймай, клиенттерімізге ыңғайлы, қолжетімді және заманауи қаржылық шешімдерді ұсынуға мүмкіндік береді.
KMF банкке айналғаннан кейін клиенттер үшін не өзгереді? Түбегейлі өзгерістер күтіле ме?
— Біздің клиенттеріміз KMF өз миссиясына адал болып қалатынына сенімді бола алады. Нысаналы аудиториямыз өзгермейді, керісінше, қаржылық қызметтерімізді одан әрі ыңғайлы әрі қолжетімді етуге ұмтыламыз. Әйел-кәсіпкерлер, шағын бизнес иелері, шалғайдағы елді-мекен тұрғындары – бұған дейін де KMF қызметінің басты назарында болды және болашақта да басымдыққа ие болады.
Айта кету керек, банкке трансформациялану бізге келесі жаңа мүмкіндіктерді ашады:
- Клиенттер депозиттер ашып, жинақ жинай алады, сонымен қатар тиімді банк өнімдеріне қол жеткізе алады.
- Төлем карталары қолжетімді болады, бұл қаржылық есеп айырысулар мен аударымдарды айтарлықтай жеңілдетеді.
- Кәсіпкерлерге арналған несиелік бағдарламалар спектрі кеңейтіліп, оларды одан да ыңғайлы ету жоспарда бар.
Ең бастысы, біз жаңа қызметтерді енгізіп қана қоймай, оларды Қазақстан өңірлерінің тұрғындары үшін де қолжетімді етеміз. Осылайша, қаржылық инклюзияны дамыту миссиямызды жалғастырамыз.
Неліктен трансформациялану мүмкіндігі қазір ғана туындады?
— Бұл шешімнің негізгі себептерінің бірі заңнамалық өзгерістер болды. Олар микроқаржылық ұйымдарға екінші деңгейлі банкке айналу мүмкіндігін берді. Біз реттеуші органмен (ҚНРДА) барлық талаптарды орындай отырып, конструктивті диалог жүргіздік және нәтижесінде қайта құрылуға ресми рұқсат алдық.
Қазіргі таңда, әсіресе, кәсіпкерлер мен шалғай өңірлердегі тұрғындардың қаржылық қызметтерге тең қолжетімділігі өте маңызды. Сондықтан KMF бұл бағытта белсенді жұмыс істеуді жалғастырады, клиенттер мен серіктестердің сенімін ақтай отырып, қаржылық қызметтердің ауқымын кеңейтеді.
Ең маңыздысы, KMF өз құндылықтарын өзгертпейді, керісінше, оларды кеңейтеді. Біз шағын және орта бизнесті қолдауды жалғастырамыз, цифрландыруға инвестиция саламыз, өңірлердің дамуына үлес қосамыз және қызметтеріміздің қолжетімділігін сақтаймыз.
Бұл жай ғана мәртебенің өзгеруі емес, бұл – KMF тарихындағы жаңа кезең. Біз клиенттеріміз және серіктестерімізбен бірге осы жолды табысты ететінімізге сенімдіміз!