What are you looking for?

Есірткіге еліткендер саны азаймай тұр

20.03.2025

Елде есірткіге еліткендер саны азаймай тұр.

Жыл басынан бері осыған қатысты 1 жарым мыңға жуық құқық бұзушылық тіркелсе, соның 600-ден астамына қылмыстық іс қозғалған. Ұлттық Құрылтайда мемлекет басшысының өзі есірткі қылмысы елде белең алып бара жатқанына тоқталып, жаңа құжат әзірлеуді тапсырды. Осы есірткі бойынша жыл сайын қанша адам сотталады?

- Есірткі саудасы қазір жастар арасында қызып тұр. Елде соңғы 5 жылда есірткі қылмысына қатысты 5 мыңнан астам азамат сотталған. Яғни жыл сайын орта есеппен мыңға жуық адам бас бостандығынан айырылады. Бұл тек нашаны сақтағандарға қатысты дерек. Толығырақ өз шолуымда айтып берейін. Полиция жыл басынан бері Қазақстанда 2 тонна шамасында есірткі тәркілеген. Оның 120 келісі синтетикалық заттар болса, 140 келіден астамы гашиш, 600 грамы кокаин. Сондай-ақ, өткен ақпан айының өзінде 17 есірткі зертханасы анықталып, 19 күдікті ұсталған. Заңсыз айналымнан 80 келіге жуық психотроптық заттар тәркіленді.

Қуандық Әлжанов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары:

- Енді есірткі жасырып, тасымалдайтындар жаңа заң бойынша 5-тен 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұрын бұл жаза 10 жылға дейін болатын. Аталған түзетулер құқық бұзушылардың жасы мен тұрмыстық жағдайын ескере отырып қабылданды. Жаңа нормада жауапқа тартылушының нешінші рет істі болғаны және есірткінің көлеміне байланысты жаза арқалайды.

Былтырдың өзінде 8 мыңға жуық құқық бұзушылық тіркелсе, соның 3 мың 400-ден астамына қылмыстық іс қозғалған. Арасында есірткіні сақтаудың 430, оны жарнамалаудың 350 және қолдан өсіру бойынша 300 дей дерек бар. Және нашаны шетелден Қазақстанға контрабанда арқылы кіргізбек болған 200-ден астам оқиғаның жолы кесілген. Сондай-ақ, есірткіні ашық жарнамалаған 7 мың 400-ден астам сайт пен телеграм чат бұғатталды.

Былтыр ұсталғандар

8 мыңға жуық (құқық бұзушылық тіркелген)

3 400-ден астам адамға (қылмыстық іс қозғалған)

430 – есірткі сақтау

350 – жарнама

300-дей қолдан өсіру

200-ден астам контрабанда

7 400-ден астам сайт пен чат

Медетбек Смағұлов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:

-Қазіргі таңда бас бостандығынан айыру орындарында 35 мыңнан астам тұлға бар. Оның 4 мыңға жуығы есірткі бойынша ұсталғандар. Соның 1200-і есірткі жасырушылар. Статистика бойынша былтырғы және биылғы деректер бойынша есірткі тасымалдаушылардың орта жасы 16 мен 32 жас аралығында. Бұл есірткі тасымалдаушылар.

Әлия Қибатқызы, Астана қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

- Қазіргі таңда каннабистік-апиын тектес есірткі заттарына сұраныстың азаюына байланысты синтетикалық есірткі заттарын тарату соған қатысты жұмысты жарнамалауға әсіресе жастарды баулиды. Ол 16-25 жас аралығындағы жастар, жасөспірімдер дейміз оларға телефондарына немесе әртүрлі мессенджерлерден хабарлама келіп, жұмысқа шақырады.

Елімізде есірткіге тәуелді 20 мыңға жуық адам бақылауда тұр. Оның үстіне құрамы бір болғанымен атауы мың құбылған зиянды зат та көбейіп барады. Өкініштісі, есірткі таратушылар түрлі айлаға салып, жас буынның тағдырын талқандап жатыр.

Гүлмира Жылқыбаева, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі:

- Жасөспірім балаларыңызға көбірек назар аударыңыздар. Егер балаңыздың көзі қызарып, мінезі агрессивті болып өзгеріп, салмағы азайып, жеке заттарының ішінде таразы, скотч, фальга, изолента деген заттар байқап қалсаңыз балаңыз есірткі жасырушы болып, ақша тауып жүруі мүмкін.

Social Link

Follow Me On Social Media