What are you looking for?

Түркияда шеру басылмай тұр

20.03.2025

Кешелі бері Түркиядағы оқиғаға қатысты шу әлеуметтік желілерде де тоқтамай тұр.

Түрлі ақпарат желдей есуде. Халықты дүрліктіріп, арандатушы жазба жариялағандардың алды ұсталып жатыр. Бүгін 37 күдікті қолға түсті. Қазіргі ахуал қандай?

Меруерт Қанағат, меншікті тілші

- Кешеден бері Түркияда дау тоқтамай тұр. Өздеріңіз білесіздер Ыстамбұл мэріне бірнеше айып тағылып отыр. Нақтырақ айтсақ, жемқорлық жасады, қылмыстық ұйым құрды және Түркияда террорлық ұйым деп танылған «Күрдістан жұмысшы партиясымен» байланыста болды деген айып бар. Қала мэрімен бірге 100-ден астам адам да ұсталды. Экрем Имамоғлұ туралы айта кетсем, Түркиядағы бас оппозициялық партия жетекшілерінің бірі. 2019 жылы Ыстамбұл мэрі болып сайланған. 2028 жылы елде Президент сайлауы. Оған негізгі оппозициялық партия атынан басты кандидаттың бірі. Алайда, университеттен алған дипломы жарамсыз деп танылды. Бұл оның президенттікке үміткер болуына кедергі. Өйткені елдің конституциясына сәйкес жоғары білімі бар азаматтар ғана президенттік сайлауға қатыса алады. Мэрдің қамауға алынғаннан кейін жақтастары наразылық шеруін өткізіп жатыр. Әсіресе, халық Ыстамбұлдағы Сарачханеде орналасқан мэрия алдында көптеп жиналды. Тап осы шеруде пікір білдірген оппозициялық Республикалық халық партиясының жетекшісі Өзгүр Өзелдің пікірі бар еді.

Өзгүр Өзел, Республикалық халық партиясының жетекшісі:

- Жексенбі күні Республикалық халық партиясының алдағы президенттік сайлауға үміткерін анықтау үшін сайлау өтеді. 81 провинциядағы барлық дауыс беру участкелері дайын. Біз барлық саяси партиялар мен азаматтарды сайлауға белсенді қатысуға шақырамыз.

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Ресми органдар Мэрге қатысты барлық айғақ барын айтып отыр. Бұл саяси емес құқықтық жағдай деп атады. Елдің әділет министрі Йылмаз Тунч, «Тәуелсіз соттың жүргізіп жатқан тергеулерін басқа тараптармен байланыстыру, төңкеріс сияқты сөздермен сипаттау өте қауіпті және қате әрекет» деп мәлім етті.

Өмер Челик, Әділет және даму партиясының ресми өкілі:

- Саясаткердің міндеті сот процестерін қадағалау. Бізде бұл іске қатысты ешқандай ақпарат жоқ. Прокурордың айыптау актісін, соттың қалай бағалайтынын, оны саясаткерлер емес, сот шешеді. Сондықтан сот процесін алдын ала бағалауға құқымыз жоқ.

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Әлеуметтік желіде халықты арандатушылыққа шақырды деген айыппен ондаған күдікті ұсталды. Ел билігі жалған ақпарат таратпауға шақырып отыр. Кеше түрік лирасы 11 пайызға құнсызданып, 1 доллар 41 лирадан саудаланған еді. Бүгін оның бағамы 38 лираға дейін төмендеді. Яғни жағдай тұрақтаып келеді. Ыстамбұл биржасы да қалыпты жұмысына бастады. Айта кеткен жөн, Ыстамбұл губернаторлығы 23 наурызға дейін мегаполисте кез келген шеру мен баспасөз мәслихаттарын өткізуге тыйым салды. Ал қалған қалаларда жағдай қалыпты. Наурызға қатысты жоспарлар өзгерген жоқ. Мерекелік шаралар уақытында ұйымдастырылады.

Social Link

Follow Me On Social Media