Арқалықта тасқын қаупі сейілді. Көктемгі дайындықтың арқасында ешқандай үйге су кірген жоқ. Қала маңындағы ауыл-аймақтар да аман. Ендігі мәселе – Торғай өңіріндегі өзендер деңгейінің көтерілуі. Қазір жергілікті халық Ұлытау жақтан келетін суды күтіп отыр. Мамандар жағдайды күні-түні бақылап, кзекшілікке шыққан.
Биыл Арқалықта қар қалың түсті. Қыстың соңғы айындағы борандар үй арасындағы қарды тау-тау етіп үйіп тастады. Былтырғыдай су тасқынын болдырмау үшін шұғыл іс-шаралар қолға алынды. Әскерилер мен төтенше жағдайлар қызметкерлерінің көмегімен қала ішінен шамамен 400 мың текше метр қар шығарылды.
Ерлан Райысов, Арқалық қаласы әкімінің орынбасары:
- Қала бойынша 10 шақырым арық қаздық. 90 шақты труба қойдық. Осы трубалардың бәрі жақсы жұмыс істеді деп ойлаймын. Соның арқасында бүкілі кетті, бір үйге де су кірген жоқ.
Арқалық қаласының «Северный» шағынауданы ең қауіпті аумақ саналады. Былтыр осы маңдағы үйлердің басым бөлігін су басқан еді. Биыл ондай жағдайға жол бермес үшін жолдың арғы бетінен арық қазылып, ал мынау үйлердің жиегімен, міне, мынандай 7 шақырымдық су ағар жасалған.
Мынау Шақшақ Жәнібек көшесі. Еріген қар суы кейбіреулердің ауласы мен қора-қопсысына кірген. Нұрлан Өмірзақовтың үйінің жертөлесі суға толы. Бұл жерде күні-түні сорғыш агрегат жұмыс істеп тұр.
Нұрлан Өмірзақов, Арқалық қаласының тұрғыны:
- Жердің суы ғой, келеді де, қайтадан жиналып қалады да. Тоқтатып тастасам, қайтадан толып қалады бір сағаттың ішінде.
Мамандардың айтуынша, қазіргі жағдай тұрақталды. Ендігі басты назар өзендерге аударылған. Алғашқы болып ағын суды Арқалық аумағындағы Сарыөзен қабылдайды, одан әрі су Ұлы Жыланшық, Қабырға және Торғай өзендеріне құйылады. Қазіргі кезде су айдындарында ағынның біртіндеп жылжуы байқалады.
Берік Таңжарықов, Қостанай облысы әкімінің орынбасары:
- 70%-ке жуық өзендеріміз су қимыл басталды. Сонымен ондай үлкен судың көтерілісін байқап отырғанымыз жоқ. Қазіргі таңда, міне, Арқалық, Амангелді, Торғай өңіріне Ұлытаудан келетін суды күтіп отырмыз. Ол шамамен жақын арада басталу керек. Орташа есепппен судың көтерілісі 68 см көтерілді. Ол «критический» жағдай емес.
Бірақ жағдай қанша тұрақты дегенімізбен қамсыз отыруға тағы болмайды. Қазір әр жерде бақылау бекеттері қойылып, қауіптің алдын алу шарасы жасалып жатыр.
Асылхан Нұрғалиев, Арқалық қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:
- Күні-түні бақылау кезекшіліктері ұйымдастырылған. Біздің авариялық құтқару қызметкерлері Екідін ауылында алты қызметкер тәулік бойы жұмыс жасап жатыр және барлық шаруа қожалығының төрт түлік малы, адамдары қауіпсіз жерге көшірілген.
Кешелі бері облыс аумағындағы бес жол учаскесін су басқан. Амангелді ауданының Үрпек-Қабырға бағытындағы көтерме жол бөлігін су өткізу үшін жырып жіберуге мәжбүр болған. Облыс әкімдігі таратқан ресми ақпарат бойынша бүгін ол дұрысталып, қалпына келтірілген.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг