What are you looking for?

Президент Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады

21.03.2025

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

Ұлыстың ұлы күні – тазалық мерекесі. Халқымыз осы күні тал егіп, бұлақтың көзін ашқан. Айналасын тазалап, табиғатты аялаған. Бұл дәстүр бүгін де өз жалғасын табуда. Былтырдан бері елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Астанадағы наурыз тойына қатысқан мемлекет басшысы осылай деді. Президент мерекелік іс-шараға жиналған көпшілікті Наурыз мейрамымен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.Наурыз – ең алдымен, игілікті істердің мерекесі, деді.

Ұлыстың ұлы күні биыл да қасиетті Ораза айымен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміз үшін мұның мән-маңызы зор. Себебі біздің дініміз бен дәстүріміз – егіз. Қос қазынамыз халқымыздың бірегей болмысын айшықтай түседі.

Соңғы жылдары шығыс халқына ортақ мерекені тойлауға Қазақстанда ерекше көңіл бөлініп келеді. Былтырдан бастап Наурыз 10 күн қатарынан тойланатын болды. Әр күнге Наурызнама бойынша тағылымға толы тақырып берілді. Бүгін – Ынтымақ күні екенін еске салды. Наурыз – нағыз еңбек мерекесі. Көктемнің басы – дала еңбегі жанданатын кезең. Президент бүкіл әлемнің алмағайып жағдайда өмір сүріп жатқан шағында қоғамның тұрақтылығын нығайту саясатымыздың басты бағыты болып қала беретінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз елімізді жаңа жаһандық жағдайға бейімдеуіміз қажет. Мемлекетіміздің бағдары да, басымдығы да – айқын. Цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, ірі инфрақұрылымдық жобалар, көлік тасымалы және энергетика, агроөнеркәсіп кешені, сондай-ақ адам капиталы – осының бәрі еліміздің негізгі даму бағыттары. Қазақстан осы салалар бойынша әлемдік бәсекеге қабілетті ел болмақ.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы жұртшылықпен бірге мерекелік концертті тамашалады. Қасым-Жомарт Тоқаев этноауылдағы қолөнер жәрмеңкесін де аралап көрді. Биыл көрмеге отандық қолөнершілермен қатар шетелдерден де шеберлер шақырылған. Президентке ұлттық ойындар, қазақстандық дизайнерлер мен танымал брендтердің ұлттық киім үлгілері таныстырылды.

Оңғар Алпысбайұлы