Наурыз мейрамын Арқалық жұрты жылдағы дәстүрмен жоғары деңгейде атап өтті. Арқа қысының ызғары әлі қайта қоймаса да, қала орталығына қарақұрым халық жиналды. Өнерпаздар ән-күйден шашу шашып, спортшылар өзара сайысқа түсті.
Мағауия Қалиев, тілші:
-Қаз қатар тізілген киіз үйлер, ас қамдаған ақ жаулықты әжелер, дастархан басында ақыл-кеңес құрған ақсақалдар, ән айтып, әзілдескен қыз-жігіттер. Бір сөзбен айтқанда, Арқалықтағы мерекелік шарада жаңарару мен ниет тазалығы, ата-баба дәстүрі мен өсиетіне деген адалдық айқын көрініс тапты.
Ұрпақтар сабақастығы үйлесім тапқан мерекеде ескінің көзіндей болған әдеби, мәдени мұрамыз бүгінгі төл өнерімізбен ұштасып жатты. Жақсылықтың жаршысы Қыдыр ата көпшілікке батасын берді.
Жалпы Торғай өңірінің жұршылығы жыл басын жақсы жаңалықпен қарсы алып отыр. Мемлекет басшысының орталық пен батысты жалғайтын жол салу және Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру туралы берген тапсырмасы жергілікті халық үшін тамаша мерекелік тарту болды.
Түбекбай Әубәкіров, Арқалық қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
-Біз өте қуаныштымыз. Мынау орталық-батыс жолының салынуы, Арқалық қаласында аэропорттың іске қосылуы, бұл енді біздің Торғай өңірінің жаңаруына, өркендеуіне, өсуіне үлкен әсері болады деген ойдамыз.
Батырхан Кәдірбаев, Арқалық қаласының тұрғыны:
-Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Жағдайымыз қазір жақсы. Арқалығымыз көркейіп келе жатыр.
Әрине Наурыз мейрамын күш пен ептілік, рух пен намыс сынға түсетін спорттық ойындарсыз елестету мүмкін емес. Мерекелік бағдарлама аясында құрыш білекті жігіттер қол күресі, арқан тарту, қой көтеру сынды сайыстарда өзара мықтыны анықтады. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық берілді.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг