What are you looking for?

Бүгін - дүниежүзілік су ресурстары күні

22.03.2025

Бүгін — дүниежүзілік су ресурстары күні. Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының жыл сайын 22 наурызда аталып өтетін су үнемдеудің маңызы жөніндегі іс-шарасы, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі .

Су ресурстарын сақтау және оған ұқыпты қарау – әр қазақстандықтың борышы. Су — бұл ел экономикасының қозғаушы күші ғана емес, сонымен қатар экожүйенің маңызды элементі, адамзат денсаулығы мен тіршілігінің негізгі көзі.

Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаннан бері су ресурстарын тиімді пайдалану және қоғамда су үнемдеу мәдениетін дамыту үшін су саласын трансформациялау бойынша жұмыс істеп келеді.

Былтыр Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру басталды. Түркістан облысында жаңадан 2 су қоймасы салынып жатыр. Ал жыл соңына дейін тағы 4 су қоймасының құрылысы және қолданыстағы 2 қойманы реконструкциялау басталады.

Биыл біздің министрлік топтық су құбырларын салу бойынша 8 жобаны аяқтауға ниетті. Бұл 423 мың тұрғыны бар 153 елді мекенді сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 52 елді мекен орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылады. Сондай-ақ, биыл 256 мың гектар жерді сумен қамтамасыз ету үшін 1953 шақырым суару каналын пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.

Бұл іс-шаралар су шығынын азайтуға және қосымша су көлемін жинауға мүмкіндік береді.

Қазақстанның су ресурстарын қорғау мен үнемдеуге басымдық берілген жаңа Су кодексінің жобасы Парламентке енгізілді. Құжатта су объектілерін қорғауды күшейту және өнеркәсіпте суды қайта пайдалану және айналымды сумен жабдықтауды белсенді енгізу жөніндегі іс-шаралар көзделген.

Былтыр еліміздің 158 мың гектар ауылшаруашылық алқабында жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелері, сондай-ақ лазерлік жоспарлау пайдаланылды, бұл 20-30%-ға дейін су үнемдеуге мүмкіндік берді. Су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру үшін мұндай жүйелерді пайдаланатын шаруалар үшін суармалы суға субсидия тарифке байланысты 85%-ға дейін өсті.

Жерасты суларын зерттеу, игеру және қорғау үшін «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі құрылды.

Ірі су айдындарын сақтау бойынша да іс-шаралар қабылдануда. Мысалы, Франциямен Балқаш көлі бассейніне зерттеу жүргізу туралы келісімге қол жеткізілді. Ал Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Солтүстік Аралды сақтау жөніндегі жобаның екінші кезеңі әзірленуде.

Цифрландыру және автоматтандыру есебінен су есебін жақсарту жоспарланып отыр. Қызылорда облысында су бекеттерін реконструкциялау және жалпы ұзындығы 232 шақырым бес арнада суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесін орнату бойынша жоба іске асырылуда. Қызылорда облысының 16 магистральдық және шаруашылықаралық каналдарын автоматтандыру үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Түркістан облысында Қызылқұм магистральдық каналын автоматтандыру жоспарлануда.

Еліміздің бірқатар өңірлерінде жеке тұлғалар үшін ауызсуды тарифтеу қағидаттары қайта қаралды. Айына 3 текше метрден артық су тұтынған жағдайда қосымша су көлемі үшін тариф жоғарылайды. Бұл шара айына орта есеппен 1,65 млн текше метр су үнемдеуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, министрлік 2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеудің жол картасын әзірледі. Құжат су заңнамасын жетілдіру, су саласын цифрландыру, суды есепке алу және оны үнемдеудің заманауи технологияларын енгізу жөніндегі іс-шараларды көздейді. Сондай-ақ, тұрмыстық жағдайда су үнемдеу бойынша әдістемелік нұсқаулық әзірленді.

Әрине, мұндай іс-шаралар қоғамда су тұтыну мәдениетін дамыту процесінің бөлігі болып табылады. Көп нәрсе сіз бен бізге байланысты. Күнделікті өмірде дұрыс және пайдалы әдет қалыптастыру, еліміздің су ресурстары үшін жауапкершілікті сезіну — болашақта су тапшылығын сезінбеуге септігін тигізетін маңызды қадам, — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Social Link

Follow Me On Social Media