Қарағандылықтар Наурыз мерекесін орталық саябақта атап өтті, деп хабарлайды 24KZ. Отандық эстрада әншілері мен фольклорлық ансамбльдер өнер көрсетті.
Шара аясында төл мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді дәріптейтін сахналық қойылым көрсетілді. Киіз үйлерде келушілер ұлттық тағамдардан дәм татып, түрлі спорттық жарыстарға қатысты. Жергілікті қолөнершілер қамзол, ұлттық бас киімдер, зергерлік бұйымдарды жұрт назарына ұсынды.
Өңірде Наурызнаманың онкүндігіне орай мыңнан астам шара өткен. Атап айтқанда, қайырымдылық және экологиялық акциялар, көрмелер мен челлендждер ұйымдастырылған.
Сауалнама:
- Мына бүгінгі мереке тойымыз құтты болсын! Еліміз аман болсын. Мына бүгінгі тамаша күнде бүкіл қарағандылықтарға тек қана жақсылық тілейміз. Келешегіміз мол болсын деп тілейміз. Өзіміз Астанадан келдік. Әдейі келдік. Бұрын Қарағандыда тұратынбыз, сондықтан өз қаламыз. Амандық болсын, жақсылық болсын дейміз.
- Көңіл күйіміз өте керемет. Біз жылдағы дәстүр бойынша бала-шағамызбен паркке келіп, концерт көруге келеміз, Наурыз тойлауға келеміз. Барша қарағандылықтарды Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Баршаларыңның отбасына бақ-береке тілеймін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
- Наурыз құтты болсын! Келіп жеткен наурыз құт-береке, молшылық, табыс әкелсін, бірлік әкелсін. Аспанымыз ашық болсын. Осындай тойларды бәріміз бірге тойлай берейік.