Имамоглумен бірге 100-ге жуық адам тұтқынға алынды.
Ыстанбұл мэрі Экрем Имамогул өзіне тағылған жемқорлық және лаңкестермен байланыс айыптарын түбегейлі терістеп отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты Euronews-ке сілтеме жасап.
19 наурыз күні оппозициялық мэрдің тұтқынға алынуы наразылық отының тұтанып, лира құнының құлдырауына алып келді. Билік тарапынан қолға алынған тыйым шараларына қарамастан жұма күні кешкісін елдің ірі қалаларында шеру өтті. Ыстанбұлда 300 мыңға жуық адам қала әкімшілігі ғимаратының алдына жиналды. Республикалық халық партиясының көшбасшысы Озгюр Озель жиналған халық алдында сөз сөйледі. Алайда, полиция жиналғандарға қарсы су және газ шашатын құрылғыларды қолданды.
Оппозиция Имамогулдың тұтқындалуында саяси астар бар деп санайды. Өйткені, ол 2028 жылы Түркияда өтетін президенттік сайлауда Эрдоғанның басты қарсыласы болып отыр.
Билік елдің бірқатар қаласында шеруге шығуға тыйым салды. Алайда, осыған қарамастан Озгюр Озель адамдарды көшеге шығуға шақыруда.
Сарапшылар Имамоглуға Түркияда, ЕО мен оның батыстық одақтастарында лаңкестік ұйымдар тізіміне енгізілген Күрдістан жұмысшылар партиясымен байланысы туралы ресми айып тағылған жағдайда қызметінен алынады деп санайды. Ал оның лаузымын "қамқоршылық мэр" басуы мүмкін.