Наурыз мейрамына арналған іс-шарада сөз сөйлеген Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 21 наурызды «көктем мен бауырластық мерекесі» етіп жариялауды ұсынып, бұл бастаманы парламентке енгізу бастамасын көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап.
Ердоған бұл мейрамды мәдениетпен қатар түрік мемлекеттері арасындағы байланыстарды нығайтатын маңызды элемент ретінде де атап өтті.
Ол Наурыздың барлық түрік мемлекеттері үшін бірлік күніне айналып, түрлі салалар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізетінін атап өтті.
Мен 21 наурызды көктем мен бауырластық мерекесі ретінде жариялау туралы ұсынысты парламентке енгізуге дайынмын, — деп мәлімдеді ол.
Түркия президенті бұл күнді Түрік мемлекеттері ұйымына мүше елдердің барлығы үшін ортақ етуді ұсынып, оны бірлесіп атап өтудің өзара қарым-қатынастарды одан сайын тереңдету үшін маңызды екенін атады.
Меніңше, Наурыз мерекесін Түрік мемлекеттері ұйымы аясында бірлесіп атап өтетін уақыт жетті. Мамыр айында, Мажарстанда өтетін саммит барысында біз бұл мерекені түрік әлемі үшін ортақ күн ретінде атап өтуді ұсынамыз, -деді Ердоған.
Оның сөзінше, түрік интеграциясы мен бауырлас елдердің бір-біріне жақын бола түсуінің арқасында Наурыз Түркияда танымал бола бастады.