What are you looking for?

Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңін жеңіліспен бастады

23.03.2025

Қазақстан құрамасы футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңін жеңіліспен бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кеше, 22 наурыз күні түнде Қазақстанның топтық кезеңдегі алғашқы ойынын өткізді. Уэльстің астанасы Кардиффте өткен матчта Али Алиев шәкірттері алаң иелерінен 3:1 есебімен жеңілді.

Кездесудегі алғашқы голды 9-шы минутта Уэльс шабуылшысы Дэниэл Джеймс соқты. Ойынның 32-ші минутында Қазақстан құрамасының капитаны 11 метрлік айып добын мүлтіксіз орындап, таразы басын теңестірді. Тең есеппен бірінші тайм аяқталды.

Екінші таймның басында алаң иелері бұрыштама добын көтеріп, Бен Дэвис есепті еселеді. Матч аяқталуға санаулы минут қалғанда Рабби Матондо таблодағы көрсеткішті 3:1-ге жеткізіп, кездесудің нүктесін қойды.

Сөйтіп, Қазақстан құрамасы жеңіссіз өткен матчтар сериясын тағы да ұзартты. Енді біздің жігіттер үш күннен кейін сырт алаңда Лихтенштеймен шеберлік байқасады. Матч Вадуц қаласында өтеді.

J тобында өнер көрсететін Қазақстан Уэльс, Лихтенштейн, Бельгия және Солтүстік Македониямен ұпайға таласады.

Айта кетейік, ресейлік маман С.Черчесов кеткеннен кейін Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы болып Али Алиев тағайындалған.

Қазақстан құрамасы әлемдік мундиальдің топтық кезеңінде соңғы рет 2013 жылы жеңіске жетті. Ол кезде біздің футболшылар Фарер аралдарының құрамасын 2:1 есебімен ұтқан еді. Содан бері ұлттық құрама іріктеуде 22 ойын өткізіп, оның жетеуінде тең түссе, қалғанында жеңілістің кермек дәмін татты.

Social Link

Follow Me On Social Media