What are you looking for?

Қарағандылық әскерилер әскерилер соғыс ардагерін мерекемен құттықтады

06.03.2025

Қарағандылық әскерилер Халықаралық әйелдер күні қарсаңында соғыс ардагеріне құрмет көрсетті, деп хабарлайды 24kz.

Сарбаздар қарт майдангердің есігі алдынан сап түзеп өтті. Мария Шинкевич сұрапыл жылдары майданда мергендер қатарында болған. Биыл 100 жасқа келетін кейуанамен әріптесім Руслан Нұрланұлы жүздесіп қайтты.

Ауланы салтанатқа бөлеген оркестр мен сап түзеген сарбаздарды көрген ардагер еріксіз көз жасына ерік берді.

Мария Шинкевич 1944 жылы Осакаров әскери комиссариатынан Мәскеу маңындағы әйелдерді мергендікке дайындайтын мектепке жіберілген. Кейін Беларусь және Украинадағы майдан шептерінде кескілескен ұрыстарға қатысты. Екінші дүниежүзілік соғыс талай жанның өмірін қиып, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын құлдыратты. «Сондықтан ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп, бейбіт күнді бағалау керек», — дейді ардагер.

Мария Шинкевич, соғыс ардагері:

- Отаныңды құрметтеп, туған халқың үшін қызмет ету керек. Бейбіт өмірдің әр күні қымбат. Біз соғыста небір қиындықты көрдік. Ол зұлматты жылдар енді қайталанбасын. Жас ұрпақтың болашағы жарқын болып, біз үміт еткен сенім үдесінен шықсын. Ол үшін жастар білім алып, тек жақсылыққа ұмтылуы қажет.

Ғасыр жасаған кейуананың кеудесі марапатқа, көкірегі ғибратқа толы. Әскерилер ардагермен жиі жүздесіп, түрлі шаралар ұйымдастырып тұрады. Мария Шинкевич әскери мамандығы бойынша тәжірибесін бөлісіп, жастарға ақыл-кеңес айтудан жалықпайды.

Мария Шинкевич, соғыс ардагері:

- Біз екі адамнан жүретінбіз. Біреуіміз жауға ұрыс салсақ, екіншіміз нысананы бақылап отыратынбыз. Мергеннің басты қаруы мылтық емес, ақыл. Себебі жау бірінші кезекте мергендердің көзін құртуға тырысады. Өз қауіпсіздігің үшін әрбір әрекетіңді ойланып жасау керек. Бұл мен үшін кейін өмірлік ұстанымға айналды.

Әскери бөлім қызметкерлері ардагерге 8 наурыз мерекесі қарсаңында сый-сыяпат жасады. «Бейбітшілік үшін майдан даласына аттанып, өмірін бәйгеге тіккен соғыс ардагерлері шексіз құрметке лайық», — дейді олар.

Шерхан Сейітханұлы, 31775 әскери бөлімі бригада командирінің орынбасары:

-Батыр анамыз Мария Ефимовнаны құттықтауға келдік. Осы жылы сәуірдің 20-сы күні 100 жасқа толады. Ондай батыр аналарымызды әр өскелең ұрпақ білуі керек. Бұл бірінші рет және соңғы емес. 7 мамырда, Жеңістің 80 жылдығында батыр ана, аталарымызды құттықтаймыз деген ойдамыз.

Қазір өңірде 8 соғыс ардагері бар. Оларға Жеңістің 80 жылдығына орай 5 млн теңгеден әлеуметтік төлемақы беріледі.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков, Аман Хамит Қарағанды

Social Link

Follow Me On Social Media