Өңірдің инвестициялық әлеуеті күшейіп келеді.
Шығыс Қазақстан облысының экономикасына былтыр 768,2 млрд теңге инвестиция тартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, 2024 жылы өңір экономикасына 768,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Жеке инвестициялар көлемі – 545,9 млрд теңге.
Өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсарту үшін цифрлық шешімдер белсенді түрде енгізіліп келеді. Негізгі құралдардың бірі – Сыртқы істер министрлігі 2024 жылы іске қосқан ұлттық цифрлық инвестициялық платформа.
"Қазір жүйеде Шығыс Қазақстаннан жалпы сомасы 859,1 млрд теңгеге 49 инвестициялық жоба тіркелген. Оның ішінде өткен жылы 45 млрд теңгеге 10 жоба сәтті іске асты, ал 2025 жылы жалпы инвестиция көлемі 42 млрдтеңгеге тағы 8 жобаны іске қосу жоспарланған", — деп хабарлады ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы.
Сондай-ақ бизнес үшін қолайлы жағдай жасау үшін өңірде мемлекеттік органдардың, прокуратураның және кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіретін инвестициялық штаб жұмыс істейді.
Сонымен қатар өңірде кәсіпкерлерге құқықтық қолдау көрсететін фронт-офис жұмыс істейді. Бизнесті қорғау тетіктерінің бірі 13,8 млрд теңге сомасына 42 жобаны қамтитын инвесторлардың өңірлік пулы болды.