What are you looking for?

Қазақстан Аралды құтқару қорының төрағалығын қабылдап, өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

06.03.2025

Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қор – Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару және экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған негізгі өңірлік ұйымдардың бірі.

Қор құрылғалы бері трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану мен Арал бассейніндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға ықпал етіп келеді. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан аталған қорға үш жыл бойы төрағалық етеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров су ресурстарын басқаруға арналған дөңгелек үстелде мәлімдеді.

— Қазақстан төрағалығы кезеңінде Орталық Азия елдері үшін өзара тиімді әрі тұрақты өңірлік ынтымақтастық механизмін құруды маңызды деп санаймыз. Бұл барлық тараптың мүддесін ескере отырып, су-энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, – деді вице-министр.

Сонымен қатар, ол Аралды құтқару жөніндегі жұмыс жоспарындағы басым бағыттарды атады:

Су ресурстарын есепке алу мен мониторинг жүргізудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізу. Бұл шара суды пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етіп, өңір елдері арасындағы өзара сенімді нығайтады.

Даму жөніндегі халықаралық әріптестермен ынтымақтастықты тереңдету. Арал бассейні елдеріне көмек көрсету үшін Іс-қимыл бағдарламасын (ПБАМ-4) және Орталық Азияның тұрақты дамуына арналған қоршаған ортаны қорғау бағдарламасын (РПООСУР) жүзеге асыру жалғасады.

— Тек ынтымақтастық арқылы ғана өңірде су, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатынымызға сенімдіміз, – деп түйіндеді Нұрлан Алдамжаров.

Айта кетейік, елордада Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) мен Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігінің ұйымдастыруымен су ресурстарын тұрақты басқару мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.

Social Link

Follow Me On Social Media