Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, елдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін жоба маңыздылығын бірнеше рет айтқан болатын, деп хабарлайды 24kz.
Терминалды қалпына келтіруге Halyk қоры аймақ әкімдігімен жасалған меморандум аясында 1,8 млрд теңге жұмсады.
Астық терминалы бір мезгілде 100 мың тоннаға тоннаға дейін астық сақтауға қауқарлы. Кәсіпорын тәулігіне 400 тонна ұн, жылына 25 мың тонна кебек шығарады. Заманауи инфрақұрылымы оны Каспий маңы елдеріне құрлық арқылы жүк тасымалдайтын негізгі логистикалық орталықтардың қатарына қосады.
Сағынбек Шүңкеев, Halyk қорының директоры:
- Бүгін алғашқы ұн шықты астық терминалынан. Жалпы бұл жоба мемлекет пен кәсіпкер ғана емес, оның ішінде мемлекет, кәсіпкер, әрі қайырымдылық қорының тығыз байланысын, жұмысын мысал ретінде көрсетеді. Мемлекетке азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болса, қайырымдылық қоры үшін бұл жаңа жұмыс көздері болып тұр.
Жеті жыл үзілістен кейін қайта жанданған Бейнеу астық терминалында жергілікті тұрғындар еңбек етеді. Нысанның жылдық қуаты 2 млн тоннаға жеткесін 200 жаңа жұмыс орны құрылады. Қызметі толық автоматтандырылған терминал ұжымы екі ауысыммен қызмет атқарады.
Сейдіахмет Қожахметов, Бейнеу астық терминалының бас инженері:
- Бүгінде 70 адамдай бар. Бұл жеткіліксіз, әлі көбейтеміз. Себебі зауыт жүрсін, өзіне өзі табыс тапсын, содан кейін көбейтеміз деп отырмыз. Қостанай облысынан, Ақмола облысынан келіп жатыр астық. Осы Маңғыстау өңіріне бірінші кезекте, одан ауысқанын Ауғанстанға, Өзбекстанға жібереміз.
2023 жылдан бері Halyk қоры Маңғыстауда жалпы құны 4,5 млрд теңге болатын қайырымдылық жобаларды жүзеге асырды. Айта кетсек, Жаңаөзенде дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 48 спорт және ойын алаңы қолданысқа берілді. Сайын Шапағатов ауылында тұщыту қондырғысы іске қосылып, 25 мың адам сапалы ауызсумен қамтылды.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев