What are you looking for?

«Қазақфильмді» режиссер немесе актер емес, кәсіби менеджер басқаруы тиіс – Аида Балаева

26.03.2025

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Қазақфильм» киностудиясының болашағына қатысты түрлі әңгімеге нүкте қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министр «Қазақфильмнің» тағдырына алаңдаушылар санының көптігі қуантқанын алға тартып, дегенмен ақпарат таратқанда тек фактілерге сүйенуге кеңес берді.

Бірінші. «Қазақфильм» жерінің сатылуы жөніндегі ақпаратқа қатысты. Бұл мәселе төңірегіндегі негізсіз қауесет біржола тоқтатылуы тиіс. «Қазақфильмге» тиесілі жерлер киностудия иелігінде қала береді. Жер сатылған жоқ және тек кинематография мүддесі үшін пайдаланылуда, — деп жазды ол.

Ведомство басшысы инвесторлар тарту мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, әзірге мұндай адам жоқ.

Екінші. Киностудияны жөндеуге қомақты қаржы салуға дайын инвесторлардың бар екені жайлы. Бұл ақпарат қоғамда кең тарап жүр, алайда мұндай мәлімдемелерді құжаттармен немесе нақты кепілдіктермен растай алмайтын адамдар жасап отыр. Мемлекет, яғни Мәдениет және ақпарат министрлігі нақты инвесторлармен жұмыс істеуге дайын. Дегенмен әзірге ешқандай нақты ұсыныс, бірде-бір кепілдік хаты жоқ. Барлығы тек әңгіме деңгейінде, — деп қосты министр.

Сонымен қатар киностудияны Астанаға көшіру туралы жайлы тараған ақпарат та шындыққа жанаспайтынын тілге тиек етті.

Бұл да ешқандай негізі жоқ қауесет. Қазіргі уақытта елордаға «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін көшіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мұнда маңызды жайт – «Қазақанимация» өндірістік база емес, анимациялық контент жасауға тапсырыстарды бөлетін құрылым. Сондықтан оның Астанаға көшуі саланың жұмысына еш кедергі келтірмейді.

Өкінішке қарай, кейінгі бес жылда елімізде сапалы анимациялық фильмдер түсірілген жоқ. Осыған байланысты анимациялық индустрияны Креативті индустриялар қорының аясында дамыту орынды болмақ. Қор құрылымында анимацияны дамытуға бағытталған креативті хаб жасақталуда, — деді Балаева.

Министр бүгінде қазақстандық киноиндустрияда маңызды әрі оң өзгерістер бар екенін де атап өтті.

«Қазақфильм» – жай ғана киностудия емес, бұл – қазақ мәдениетінің символы. Сондықтан оны дамыту – басым бағыттың бірі. Президент қол қойған жаңа заңға сәйкес елімізде фильмдерді қаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде 30%-ы жыл сайын тікелей «Қазақфильмге» бағытталатын болады. Бұл киностудия жұмысының тиімділігі мен қаржылық тұрақтылығын арттырады.

Сондай-ақ мемлекеттік қолдауға ие болатын киножобаларды іріктеудің жаңа ережелері бекітілді. Биыл жаңа ережелер бойынша конкурс екінші рет өткізіліп отыр, — деді ол.

Министр киностудияны халықаралық ынтымақтастықсыз дамыту мүмкін емес екенін тілге тиек етті.

«Қазақфильм» шетелдік әріптестерімен бірлесіп бірқатар маңызды фильмдер түсіруді жоспарлап отыр. Бұл – қазақстандық киноны әлемдік нарықта таныту және отандық кинематографистердің позициясын нығайту үшін маңызды қадам.

Сонымен қатар демеушілерді тартудың арқасында киностудияда соңғы 15 жылда жүргізілмеген жөндеу жұмыстары басталды. Бұл – инфрақұрылымды жаңғыртудың алғашқы кезеңі. Осы орайда киностудия мен қазақстандық киноөндірістің дамуына үлес қосып жүрген жандарға алғыс білдіремін! Әрине, әңгіме әзірге күрделі жөндеу туралы емес, бірақ бұл – «Қазақфильмде» жұмыс істеу үшін қалыпты жағдай жасауға бағытталған нақты қадамдар, — деді министр.

Сондай-ақ киностудияны менеджер басқаруы керектігін тілге тиек етті.

«Қазақфильм» тек кинотуындылар ғана емес, ең алдымен – шаруашылық жүргізуші компания және бәсекеге қабілетті нарық қатысушысы. Ол жоғары кәсіби киноөнердің дамуына лайықты жағдай жасайды. Сондықтан министрлік бұл кәсіпорынды режиссёр немесе актёр емес, киностудия қызметін табысты әрі тиімді жүргізуге қабілетті кәсіби менеджер басқаруы тиіс деген қағиданы берік ұстанады.

«Қазақфильмнің» тұрақты әрі тиімді дамуын қамтамасыз ету үшін министрлік жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыра береді, — деп қосты ведомство басшысы.

Social Link

Follow Me On Social Media