What are you looking for?

"111" байланыс орталығына 40 мыңнан астам өтініш келіп түсті

26.03.2025

Оның ішінде 339 өтініш телефон арқылы қабылданса, қалғаны білім беру ұйымдарында орналастырылған QR-кодтар арқылы жолданған.

2025 жылдың басынан отбасы мәселелері, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бойынша мемлекеттік "111" бірыңғай байланыс орталығына 40 мыңнан астам өтініш келіп түсті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Өтініштердің басым бөлігі ақпараттық сипатта болды – балаларға анықтамалық мәліметтер, кеңестер беріліп, сондай-ақ психологиялық қолдау көрсетілді. Күрделі жағдайларда тиісті органдардың қатысуымен ведомствоаралық көмек ұйымдастырылды.

"111" байланыс орталығы өтініш білдірушілердің жеке деректерінің құпиялығын және анонимділігін толықтай қамтамасыз етеді. Қажеттілігіне қарай ол құқық қорғау, қорғаншылық органдарына немесе басқа да мүдделі мемлекеттік мекемелерге беріледі. Орталық полициямен, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарымен, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істеп, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған шұғыл шаралар қабылдайды.

"Бұл байланыс орталығы балаларға өздерінің ойларын, көңіл-күйлері мен мәселелерін қымсынбай, қорықпай жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай бастама балалар үшін қолайлы орта қалыптастыруға, ашық диалог мәдениетін дамытуға және қоғамның психологиялық әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді", – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Айта кетейік, 2024 жылғы шілде айында қабылданған "Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы" заң аясында "111" байланыс орталығының қызметі заңнамалық түрде бекітілді. Ал 2025 жылдың қаңтар айынан бастап мектептер мен колледждерде орталыққа жедел қол жеткізуге мүмкіндік беретін QR-кодтар орналастырылды. Бұл бастама ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп жүзеге асырылды.

Social Link

Follow Me On Social Media