Жалдау ақысы – 25 миллион доллар .
Алматыда АҚШ консулдығының үй-жайын салу үшін 70 мың шаршы метр жер беріледі.
Парламент мәжілісі "Қазақстан үкіметі мен АҚШ үкіметі арасындағы Алматы қаласында Америка Құрама Штаттарының консулдық мекемесінің үй-жайларын салу үшін АҚШ Үкіметіне жер учаскесін жалға беру туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды қабылдады.
Тиісті келісімге 2024 жылғы 27 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында қол қойылған. Құжатқа сәйкес, Алматы қаласындағы ауданы 70 593 шаршы метр жер учаскесі Америкаға 49 жылға жалға беріледі. АҚШ бұл жер учаскесінде консулдық мекеменің үй-жайларын салады.
"Келісімнің 1-бабының 1.4-тармағына сәйкес көрсетілген жалдау кезеңі үшін, сонымен қатар одан кейінгі ұзарту кезеңдеріне жер учаскесі үшін жалдау ақысының мөлшері 25 301 016 АҚШ долларын құрайды және Келісім енгізілген күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде бірыңғай төлеммен төленеді", – делінген заң жобасының қорытындысында.
Оқи отырыңыз: "Қазақфильмнің" жері сатылғаны рас па? Аида Балаеваның жауабы
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Мәжіліс кулуарында 25 млн доллар (шамамен 12 млрд теңге) жыл сайын емес, 49 жылға төленетінін атап өтті. Жалдау ақысын қоспағанда, АҚШ үкіметі жер учаскесі мен консулдық ғимаратына қатысты қандай да бір салықтар мен өзге де төлемдерді төлеуден босатылады.
Сонымен қатар АҚШ үкіметі консулдық ғимараттың құрылысына байланысты жұмсалған барлық шығысты, сонымен бірге байланыс, электр, газ, су және жылумен жабдықтау қызметтерін, басқа да коммуналдық қызметтерді Қазақстанның қолданыстағы нормативтері мен тарифтеріне сәйкес төлейді.
Келісімнің 9-бабына сәйкес, ғимаратты салу және жабдықтау үшін АҚШ-та өндірілген материалдарды, жабдықтарды және тауарларды пайдалана алатын АҚШ мердігері бас мердігер болады. АҚШ үкіметі консулдық ғимаратты жабдықтау үшін импорттайтын барлық материал, керек-жарақтар мен тауарлар кедендік төлемдерден, импорт салықтарынан және рұқсат алу талаптарынан босатылады.