What are you looking for?

Биыл "Балдәурен" орталығында әскери қызметшілердің балалары демалады

26.03.2025

Бұл Қорғаныс және Оқу-ағарту министрліктерінің әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға және оқушылардың бос уақытын ұйымдастыруға бағытталған бірлескен жоспарының арқасында іске асырылып отыр.

"Балдәурен" республикалық оқу-сауықтыру орталығында (Қонаев қ.) және оның Щучинск, Балқаш және Түркістан қалаларындағы филиалдарында биыл ҚР Қарулы күштері әскери қызметшілерінің 1100-ден астам баласы демалатын болады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Балдәурен" орталығына жіберілген кезде көп балалы және толық емес отбасыдан шыққан шалғайдағы гарнизондарда әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілердің балаларына басымдық беріледі. Ерекше білім берілуі қажет балаларға да демалыс ұйымдастырылады.

Қазіргі уақытта орталыққа және оның филиалдарына әр түрлі гарнизондардан 72 оқушы келді. Биыл демалуға балалардың төртінші легі келіп отыр.

– Ақтөбе қаласынан біз L-410 жеңіл көліктік ұшағымен елордаға ұштық, ары қарай автобуспен бізді Щучинск қаласына жеткізді. Мен Қазақстан ішінде ұшқанмын, алайда әскери ұшақпен алғаш рет ұшып тұрмын. Өте қызықты болды. Мұнда зерігуге уақыт жоқ екеніне сенімдімін, – деді 9 сынып оқушысы Нұрдәулет Бауыржанов.

Естеріңізге сала кетелік, "Балдәурен" орталығында балалардың демалысын ұйымдастыру бағдарламасы әскери қызметшілер мен азаматтық персоналдың отбасыларын қолдауға бағытталған. Балалардың орталықтағы демалысы 20 күнге созылады.

Демалыс аяқталғаннан кейін оқушыларға арналған оқу бағдарламасы бойынша сабақтар ұйымдастырылады. Одан өзге балаларды әскери бөлімдерге апарып, онда түрлі әскери мамандықтармен таныстырады, әскери техниканы, қару-жарақты, әскери қызметшілердің жарақтары мен жабдықтарын көрсетеді.

Social Link

Follow Me On Social Media