What are you looking for?

Перзентхана дәрігерлерінің жалақысын көтеру қажет - депутат

26.03.2025

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Н.Сәрсенғалиев кейінгі 6 жылдағы ана мен бала өлімінің деректеріне тоқталып, салада саралануы тиіс күрмеулі мәселелерді айтып, Үкімет басшысына сауал жолдады, деп жазады Egemen.kz.

Депутат келтірген дерекке сүйенсек, 2019 жылы Қазақстанда 3360 сәби шетінеп кеткен, 2020 жылы 3286 сәби, 2021 жылы 3732 бөпе бақилық болған. 2022 жылы 3154 нәресте, 2023 жылы 2998 сәби шетінеп кеткен. 2024 жылы 2598 сәби анасының құшағына енбеген.

Сәби өлімі жиіліген аймақтар қатарында Абай, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Ұлытау облыстары бар.

Бұл тақырып сөз болғанда ана өлімі тақырыбына тоқталмай кетуге болмас. Ресми дерек кейінгі 6 жылда елімізде 563 ана босану үстінде көз жұмғанын айғақтайды. Ана өлімі Жетісу, Қостанай, Ұлытау мен Ақтөбе облыстарында көбейген.

2024 жылдың қорытындысы бойынша көз жұмған аналардың 54 % қалада, 46 % ауылда тұрған. 4 немесе одан да көп баласы бар әйелдер арасындағы өлім-жітім де көбейіп, салдарынан 97 бала жетім қалған.

«Салада проблема жеткілікті, басқасын былай қойғанда Астана қаласындағы перзентханаларда 550 төсек тапшы. Оған қоса маман жеткіліксіз. Елімізде 4 702 акушер-гинеколог жұмыс істейді, тағы 389 маман керек. Босандыру ұйымдарында тек 1 679 акушер – гинеколог жұмыс істейді, оның 560-ы ғана (35%) ампутация жасай алады. Ал акушерияда операциялық техниканың барлық түрлерін тек 438 дәрігер ғана (21%) орындай алады. Бұл үлкен проблема», екенін атап өткен Н.Сәрсенғалиев еліміздегі кей перзентханалардың халықаралық талаптарға сай келмейтініне де назар аударды.

«Инфрақұрылымы нашар, ғимарат әбден тозған. Мәселен орталықтандырылған оттегі жеткізгіші, Сығылған ауа және сору вакуумы, қабылдау бөлімдері жоқ. 3-деңгейдегі босандыру ұйымдарында экспресс бак жоқ. Флора мен антибиотиктерге сезімталдықты уақтылы анықтауға арналған зертханалар жоқ. Бұдан бөлек, медициналық жабдықтардың тозуы мен медициналық мекемелердің төмен жарақтандырылуы да өзекті мәселе. Мысалы бірнеше орталықта УДЗ, КТГ аппараттары, анестезия аппараттары, ҚСТ анализаторлары, СМАД аппараттары жоқ», деді депутат.

Ол осы мәселелерді шешу үшін ана мен бала денсаулығына тікелей жауапты перинаталдық орталықтар мен перзентханалардағы дәрігерлердің, санитарлардың, техникалық мамандардың айлығын көтеру сынды бірнеше ұсынысын ортаға салды.

«Өңірлерге мықты дәрігерлерді тарту үшін бір реттік көтермеақы мен арнайы тұрғын үй бағдарламасын іске қосу қажет. Мықты мамандарды даярлау үшін балалар бейіні бойынша кафедраларды қалпына келтіру керек. Облыс орталығынан шалғайдағы ауылдық жерлерде және аудандарда жүктілігі ауыр өтіп жатқан әйелдерді алдын ала емдеуге арналған пансионаттарды дереу салу керек. Себебі алыстағы ауылдан толғақ қысқан ананы орталыққа әкелгенше түрлі жағдай орын алуы мүмкін. «Патронаждық медбике» лауазымын енгізу қажет. Перинаталдық орталықтар мен перзентханалардың, балалар ауруханаларының материалдық-техникалық базасын жаңарту керек», деді Н.Сәрсенғалиев.

Social Link

Follow Me On Social Media