What are you looking for?

Түркістан облысында инклюзивті білім беру жобасы сәтті жүзеге асып келеді

26.03.2025

Бұл бастама Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша қолға алынған, деп хабарлайды 24kz.

Жоба аясында еңбекке жарамды, дамуында сәл ерекшеліктері бар жастардың заманауи цифрлық кәсіптерді игеруіне мүмкіндік туды.

Түркістан облысында инклюзивті білім беру әлеуметтік жобасы аясында 60 жас танымал цифрлық дағдыларға үйрету бойынша тегін оқытылып, сертификат алды. Соның бірі – Ордабасы ауданының тұрғыны Нұрсұлтан Қиянбеков. Ол қазіргі таңда сұранысқа ие мобилография кәсібін игеріп, смартфонмен сапалы бейнелер түсіріп жүр.

Нұрсұлтан Қиянбеков, мобилограф:

- Өзіме қатты ұнайды жұмысым, үйде монтаждаймын. Үйде құр отырмайын, уақытым босқа өтпейді. Тапсырыстар дүкендер мен супермаркеттерден түседі. Иелері өздері өтініш жасайды. Маған жарнама жасап берші деп тапсырыстарын орындап беремін.

Ғалымбек Молдабек, аудандық білім бөлімінің бас маманы:

- Бұл кісінің мобилограф ретінде аудан көлемінде танимыз, білеміз. Жергілікті жердегі түрлі іс-шаралардың барлығында әлеуметтік желілерде елдің азаматтарына танытып жүрген азаматтардың бірі. Жасап жатқан жұмысына тек қана табыс тілейміз.

Ал I топ мүгедегі Марат Жұмановтың қос жанары бала кезінен көрмейді. Қазір ол өз сияқты зағип жандарға дыбыстық хабарламалар арқылы ұялы телефонды қолдану мен оның мүмкіндіктерін пайдалануды үйретеді.

Марат Жұманов, аудандық зағиптар қоғамының мүшесі:

- Екі жанардан айырылсақ та, көзі көретін кісілерге қарағанда телефонды артық білемін деп айта аламын. Қолдана аламын TikTok, Instagram, Telegram жүйесі болсын, кез келген әлеуметтік желіге кіре аламын. Алла жанардан айырса да, есте сақтау, сезу қабілетін артығымен беріпті деп ойлаймын.

Жобаға қатысушы жастар «Жаңа ақпараттық технологияларды меңгеру», «SMM», «мобилография» және «PR» бағыттары бойынша оқу курстарынан өтті. Арасында тұрақты жұмыспен қамтылғандары да бар.

Зарина Тастемірова, республикалық қоғамдық бірлестік жетекшісі:

- Өткен жылы біздің оқыту курстарымызға өңірдегі үш ауданнан 60 адам қатысты. Одан бөлек, тағы 60 адам онлайн оқып, білім алды. Олардың ішінде жұмыс берушілерге 20 адамның түйіндемесін ұсынып, 5-ін тұрақты жұмысқа тұрғыздық. Тағы 5 азаматымыз өзін өзі жұмыспен қамтып отыр. Жоба өзінің тиімділігін көрсетті.

Осының нәтижесіндегі Шардара, Ордабасы және Түлкібас аудандарында мүгедектігі бар азаматтардың жұмысқа орналасуы 10%-ке артқан. Мамандардың айтуынша, бұл жоба ерекше қажеттіліктері бар жастардың еңбек нарығына бейімделіп, өзін өзі дамытуға мүмкіндік береді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Social Link

Follow Me On Social Media