What are you looking for?

Қызылордадан Өзбекстан шекарасына дейін жол салына ма? Бектенов жауабы

26.03.2025

Қызылорда – Үшқұдық автожолын салу мәселесі тек 2029 жылдан кейін қаралады.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов сенаторлардың Қызылорда қаласын Өзбекстан шекарасымен (Ұшқұдық) байланыстыратын автожол салу туралы ұсынысына жауап берді.

Премьер-министрдің айтуынша, жол салу ішінде бірінші кезекте 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар аясындағы жобалар жүзеге асырылады. Бұл жоспар аясында 2025 жылы ұзындығы 513 км Қарағанды – Жезқазған автожолы қайта жаңартылып, ұзындығы 102 км Сарыағаш қаласын айналып өтетін жол салынады. Ал 2026 жылдан кейін Қызылорда – Сексеуіл – Ұлғайсын, Атырау – Доссор, Атырау – Орал, Астана – Қостанай – Ресей шекарасы жолдарын қайта салу, сондай-ақ Бейнеу – Сексеуіл автожолы мен Рудный, Петропавл, Шымкент қалаларын айналып өту жобаларын бастау жоспарланған.

"Жалпы ҰИЖ аясындағы жаңа жобалардың жалпы ұзындығы 4 мың шақырымнан асады, оған республикалық бюджетпен халықаралық қаржы институттарының қаражаты тартылады", – деген премьер-министр сенаторлар ұсынған Қызылорда – Үшқұдық бағытындағы жол қомақты қаражатты қажет ететініне де назар аударды.

Үкімет басшысының есебінше, Қызылорда – Үшқұдық бағытының жалпы қашықтығы 320 шақырымды құрайды, оның 140 шақырымы Қазақстан аумағында болса, қалған 180 шақырымы Өзбекстан аумағында. Қызылорда – Өзбекстан шекарасы жаңа жол учаскесі құрылысының құны шамамен 140 млрд теңгені құрайды.

"Шекарада автомобиль өткізу пункті жоқ, сондықтан мұндай пункт салу қажет екенін айтып өткен жөн, оның құны шамамен 15 млрд теңгені құрайды. Осыған орай, Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар аясындағы жобалар бірінші кезекте жүзеге асырылады. Ал Қызылорда – Үшқұдық автожолын салу мәселесі тек содан кейін қаралады", – деп жауап берді Олжас Бектенов.


Оқи отырыңыз: Енді автосалондар жаңа көліктен ақау шықса оны ауыстырып беруге міндеттеледі


Social Link

Follow Me On Social Media