Депутат қоқыс полигондарынан жиналған пластик шикізатын көрші ел – Ресейге шығаруға тыйым салуды ұсынды.
Халық қалаулысы Серік Ерубаев депутаттық сауалында пластикті қайта өңдеу мәселесін көтеріп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, қазір тұрмыс-тіршілікті пластикалық бөтелкелерсіз елестету қиын, себебі бір сәтте қоқысқа айналатын мұндай заттар әртүрлі салада кеңінен қолданылады, тіпті нарықта тым жоғары бағаланады. Десе де, Қазақстанда олардың кәдеге жаратылуы мен қайта өңделуі әлі де өзекті мәселеге айналып отыр.
Пластик қалдықтардың артуынан соң оны өртеу белең алған. Оның экологияға әсері – бөлек бір тақырып.
– Қазақстаннан полиэтилентерефталат (ПЭТ) экспортына тыйым салу мәселесін қарастыруды ұсынамыз. Бұл – еліміздің экологиялық тұрақты дамуы жолындағы маңызды қадам. Яғни, ішкі ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлер ПЭТ шикізат негізінде өнімге сұраныс жоғары болғандықтан, бұл салаға инвестиция тарту қиындық тудырмайтынына сенімді. Ал инвесторлар шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету мәселесінің шешілмегеніне алаңдаулы, – деді депутат.
Ол Қазақстанда полиэтилентерефталат қалдықтарын қайта өңдейтін бірнеше зауыт бар екенін атап өтті. Бұл материал көбіне түрлі орамаларды жасау үшін қолданылады.
– Бұл өнім жол құрылысында, жеңіл өнеркәсіпте және басқа да салада кең сұранысқа ие. Оның тоннасы 2,5 мың долларға дейін бағаланады. Алайда Түркістан облысындағы зауыт 50%-дан төмен қуатта жұмыс істеп тұр және шикізат тапшылығын қатты сезінуде, себебі Қазақстандағы полигондардан жиналған негізгі көлем Ресейге экспортталуда. Ал ПЭТ-қалдықтар – жаңа пластик бұйымдарын өндіруге пайдаланылатын құнды екінші реттік шикізат, – деп түсіндірді С.Ерубаев.
Ол 2022 жылы Қазақстанда ПЭТ-қалдықтардың экспортына 6 айға уақытша тыйым салынғанын еске салды.
Бұл қадам қайта өңдеу кәсіпорындарын қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берген. Ең өкініштісі, шектеу алынған соң, пластик қалдықтар қайтадан шетелге экспортталып, отандық зауыттар шикізатсыз қалды.
– Бұл ел ішіндегі өндіріс қуатының тоқтап қалуына және қалдықтарды қайта өңдеу деңгейінің төмендеуіне әкеліп соғады. Өзбекстан тәжірибесі көрсеткендей, ПЭТ-қалдықтардың экспортына тыйым салу – тиімді шара. Ол елде бұл шектеу 2013 жылдан бері қолданыста, нәтижесінде ішкі қайта өңдеу мен екінші реттік шикізат өндірісінің тұрақты жүйесі қалыптасты, – деп сөзін жалғады халық қалаулысы.
Серік Ерубаевтың сөзінше, қалдықтарды қайта өңдейтін кәсіпорындарды тұрақты шикізатпен қамтамасыз ету отандық өндірістер үшін тұрақты нарық қалыптастырып, ПЭТ-шикізат импортына тәуелділікті азайтады.
Ең бастысы, Қазақстанның экологиясын жақсартып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да мүмкіндік береді.