What are you looking for?

Тоқаев Арменияның сыртқы істер министрін қабылдады

27.03.2025

Мемлекет басшысы Арменияның Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянды қабылдады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел президенттерінің былтыр Қазақстан мен Арменияға жасаған сапарлары өзара қарым-қатынасты жан-жақты дамытуға айтарлықтай серпін бергенін атап өтті.

"Сіздің Астанаға алғашқы ресми сапарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту тұрғысынан маңызды. Біздің армян халқы мен Сіздің мемлекетке деген құрметіміз бөлек", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Бейбітшілік туралы келісім жобасы бойынша келіссөздердің аяқталып, Ереван мен Баку арасындағы мемлекетаралық қарым-қатынастың жандануын қолдайтынын жеткізді. Президенттің пікірінше, бұл айтулы оқиға Армения мен Әзербайжан арасында бейбіт келісім орнатуға негіз қалап, аймақтың Қазақстан және Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастығын белсенді түрде дамытуға, сондай-ақ қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді. Арменияның Сыртқы істер министрі қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдірді.

"Біз Сіздің екі ел арасындағы ықпалдастыққа қатысты ұстанымыңызды қолдаймыз", – деді Арарат Мирзоян.

Ол Армения мен Қазақстанның Сыртқы істер министрліктері және басқа да ведомстволары Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Ереванға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру бойынша жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланысты ілгерілету перспективасы қарастырылды. Қазақстан Президенті отандық бизнес өкілдерінің Арменияға тауар тасымалын 350 миллион долларға дейін ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Social Link

Follow Me On Social Media