What are you looking for?

Павлодарда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың шекті бағасы бұрыс белгіленген

27.03.2025

Соның салдарынан дүкендегі азық-түлік қымбатқа сатылған.

Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түрі бекітілген. Олардың бағасын жергілікті әкімдік белгілейді. Алайда Павлодар облысының билігі бағаны көтермелеп жіберген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Мәселен, облыстағы сауда орындарында бірінші сұрыптағы ұнның бір келісінің орташа бағасы – 152 теңге. Ал облыстық әкімдік жыл басында бекіткен қаулыда ұнның келісінің шекті бағасын 248 теңге деп көрсеткен. Бұған иек артқан кейбір әлеуметтік дүкендер арзан өнімнің бағасын қолдан қымбаттатқаны белгілі болды. Яғни, шекті бағаға сүйеніп, бір келі ұнның бағасын 248 теңгеден артық сомаға сатқан.

Сол сияқты Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Павлодар облысындағы сиыр етінің бір келісі 2479 теңге болғанымен, әкімдік шекті бағаны 3196 теңге көлемінде бекіткен. Сәйкесінше, бірқатар әлеуметтік дүкен де өнімді 2500 теңге шамасында емес, 3 мың теңгеден асыра саудалап келген.

Мұндай сәйкессіздіктерді Павлодар облыстық прокуратурасы байқады. Талдау жүргізу барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша бөлшек сауда бағаларының минималды рұқсат етілген шекті деңгейлерінің көтерілген фактілерін анықталды. Мұның себебін тереңдеп анықтаған кезде кәсіпкерлік басқармасы бағаларды есептеу кезінде бұзушылықтарға жол бергені, бұл шекті деңгейлердің едәуір өсуіне әкелгені белгілі болды.

"Бұл жағдай кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар тауарларды олардың нақты құнынан едәуір жоғары бағамен сатуға мүмкіндік берді. Яғни халық үшін азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігіне теріс әсер етті. Прокуратура енгізген қадағалау актісі ағымдағы жылдың екінші тоқсанына арналған шекті бағаларды төмендету мәселесін қайта қарауға негіз болды", — деп мәлімдеді прокуратура өкілдері.

Сонымен қатар, жіберілген бұзушылықтар үшін жауапты тұлғалар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Енді алдағы тоқсанда бағалар нарықтағы жағдайда саралап отырып, бұған дейінгі бағадан төмен сомаға сатылуы тиіс.

Social Link

Follow Me On Social Media