Бүгін – Халықаралық театр күні. Атаулы дата 1961 жылы өткен Халықаралық театр институтының IX конгресінде бекітілді. Содан бері 27-наурыз — дүниежүзі театр қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Елімізде 9 мыңнан астам адам әлем және ұлт мәдениетінің дамуына үлес қосып келеді.
Үлкен залдың шамы жағылды. Бірақ сахна әлі бос тұр. Ал сахна сыртында қызу дайындық.
Ерқанат Ермағамбет балет өнеріне 17 жасында келген. Бекзат өнер үшін бұл тым кеш. «Бірақ еңбек пен талап және таланттың арқасында мақсатқа жетуге болады», — дейді ол. Ол Қодардың рөлін сомдайды. Әр сахнаға шыққан сайын қобалжып, бойын қорқыныш билейтінін де жасырмады. Алайда көрерменді көргенде барлығын ұмытып кететінін айтады.
Ерқанат Ермағамбет, «Астана Балет» театрының жетекші солисі:
- Сахна – балет артистері үшін киелі мекен. Жауапкершілігі көп. Біз балет артистері үшін 5 минуттық көрсетілімді не үшін жауапкершілігі көп деп айтып жатырмын. Себебі біз 5 минуттық көрсетілім үшін көптеген дайындықтар жасаймыз. Ол дайындықтар бір емес, екі айға немесе одан көп уақыттарға созылады.
Еліміздегі тұңғыш кәсіби театрдың шымылдығы 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылорда төрінде Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасымен ашылған болатын. Ол қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының труппасы болатын. Одан бері бір ғасырға жуық уақыт өтті.
Бүгінде елімізде 70 театр бар. Оның 57-сі мемлекеттік болса, 13-і жекеменшік. Республика деңгейінде 11 театр жұмыс істейді. Ал өңірлерде 46 театр ұжымы өнер көрсетуде. Соңғы 4 жылда 5 театр ашылған екен.
Алтынгүл Нұрбекова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Театр өнері басқармасының басшысы:
- Жаңа спектакльдер қойылады. Жылына 13 мыңнан астам спектакль көрсетіледі. Сондықтан біздің театрлар шетелге де шығып жатады. Фестивальдерге де қатысады. Өңірлік театрлар соңғы жылдары белсенді фестивальдер өткізеді, халықаралық және республикалық фестивальдер өткізіп жатыр.
Расында, бүгінде сахна өнеріне құштар жандар аз емес. Еліміздегі көптеген қойылымдар аншлагпен өтіп жатыр.
Бірақ жуырда ғана өткен IV Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтық театрларға ерекше тоқталды. Президент оның көпшілігінің жай-күйі мәз емес, әсіресе аймақтарда театрларды салуға және дамытуға баса назар аудару керек екенін атап айтты.
Алуа Маханбет, Бауыржан Ебелеков