What are you looking for?

Жамбыл облысы бірнеше ауыл түтінге тұншығып отыр

27.03.2025

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !

Жамбылда бірнеше ауыл бір аптадан бері түтінге тұншығып отыр. 13 гектар қоқыс полигонынан шыққан өрттің өткір иісі елдің есін шығарды. Химиялық қалдықтардың түтіні Аймантөбе, Қосақ және Мырзатай ауылдарын тегіс жайлады. Көз байлаған көк түтінде жолда жүрудің өзі қауіпті болып отыр. Данияр Әлімқұл қоқыс алаңына барып қайтты.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Мына төңіректі тегіс тұман торлады деп қалуыңыз мүмкін. Бірақ бұл қалың мұнар емес, қалдықтардың түтіні. Бықсып жанған қоқыстан алыстан «мен мұндалайтын» ауылдар тұрмақ, жеті адым жердегі кісі қарасы көрінбейді.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, алғашқы күндері қоқысқа жауапты серіктестік те, әкімдік те қызыл жалынды құрықтауға құлықсыз болған. Салдарынан көкшулан түтін көшелерді басып, тысқа шығудан тыйылдық дейді.

Тұрымхан Қошқарбаева, Қосақ ауылының тұрғыны:

Түнде терезе аша алмаймыз. Міне, қазір жел бері қарай тұрса, мына ауыл жоқ. Баяғыда курортты зона едік, қазір қоқысты зона болдық біз.

Өршіген жалынды өрт сөндірушілердің өзі сөндіре алмады. Кәсіпкер тіпті тілсіз жауды тоқтату үшін арнайы арық қазып, су жыққан. Ол күн көзі күрт жылынғаннан өрт өздігінен тұтанды деп отыр.

Сабырхан Әбжаппаров, серіктестік директорының орынбасары:

Рекультивация жасаймыз. Қазір шынжырлы ауыр техникаларды әкеліп, кіргізіп, бәрін тегістеп, көміп, өшіреміз деп отырмыз.

Қоқыс алаңындағы қалдықтардың тек 30%-ы ғана өңделеді. Қалғаны жайрап жататындықтан жылда отқа оранады. Енді кәсіпкер 850 млн теңгеге сұрыптау зауытын салмақ.

Дәуренбек Мәдешов, Байзақ аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Мақұлданып, қаржы алынатын болғаннан кейін көшіру жұмысын тоқтаттық. Егер олар ақша алып, ондай зауыт соқпайтын болса, біз ол полигонның жұмысын тоқтатамыз.

Осы оқиғадан кейін төтенше жағдайлар департаменті серіктестікке 800 мың теңге айыппұл салды. Ендігі кезек экология департаментінде. Олар өрт шыққаны жайлы екі сағат ішінде ескертпеді деп, 400 мың теңгеге айыппұл арқалатпақ.

Ермек Құралбаев, облыстық Экология департаментінің бөлім басшысы:

Сынама алу нәтижесінде көмір тотығы рұқсат етілген шектен 1,2 есе артқаны анықталды. Адам өміріне, денсаулығына зиян.

Айта кетейік, аймақта 163 қоқыс алаңы бар. Олардың 95%-ында экологиялық талап сақталмаған.

Данияр Әлімқұл

Social Link

Follow Me On Social Media