What are you looking for?

Ақтөбеде жол белгілерін орнатуға жауапты шенеунік 8 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

27.03.2025

Оған "Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу" бабы бойынша айып тағылды.

Ақтөбе қаласының Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығының директоры Абзал Тильмағамбетов 8 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ақтөбе қалалық №2 сотында Абзал Тильмағамбетовке қатысты жарыссөздер өтті. Мемлекеттік айыптаушы оны Қылмыстық кодекстің осы бабымен айыптап, 272 миллион теңгенің жұмысы орындалмағанын хабарлады.

Іс материалдарына сәйкес, 2022 жылдың соңында Тильмағамбетов жол белгілерін орнатуға қаржы сұраған. 2023 жылдың қаңтар айында Ақтөбе қалалық мәслихаты орталыққа 221 миллион теңгеден астам қаржы бөлген. Бұдан кейін мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылып, ол конкурс талаптары сақталмай өткізілген. Конкурс жеңімпазы болып айыпталушы А.Кусумов анықталған. Кусумов 2020 жылы компьютер мен кофе аппаратына жөндеу қызметін көрсететін жеке кәсіпкер ретінде тіркелген.

2023 жылдың сәуірі мен желтоқсан айы аралығында Абзал Тильмағамбетов жалпы сомасы 272 миллион теңге шығын келтірген. Мемлекеттік айыптаушы оның "Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу" бабы бойынша қылмыс жасағанын алға тартып, 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. А.Кусумовқа да дәл осы айып тағылып, оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы сұралды.

Келесі аптада сотталушылар сотта соңғы сөздерін айтады.

Еске салсақ, Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы Жанболат Құсмұхамбетов төрт жыл бұрын веложолдың жобалық-сметалық құжаты болмағанына қарамастан, алғашқы келісімшартқа қол қойғаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айрылған болатын.

Social Link

Follow Me On Social Media