Павлодардағы орталықтың бұл алаяқтық әрекеті бірнеше жылдан соң белгілі болып отыр.
Облыс орталығында мүгедектігі бар балаларға қызмет көрсететін мекеме басшылығы олардың ата-аналарынан қаржы талап етіп отырған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар қаласының прокуратурасы бұл былықтың бетін ашты. Белгілі болғандай, жергілікті бюджеттен аталмыш орталыққа әлеуметтік қызмет көрсеткені үшін қаржы бөлініп келген. Соған қарамастан, мекеме басшылығы заңға қайшы әрекетке барып, қызмет алушылардан бюджеттен төленетін қызмет үшін тағы қаржы талап еткен.
Дәлірек айтқанда, орталықтың басшысы жалған келісімшарт бекіткені, соның негізінде қызмет алушылар ұзақ уақыт бойы бюджет қаржысы есебінен орталыққа төлемақы жасап отырғаны белгілі болды.
Осы уақытта кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне жалпы сомасы 7,6 млн теңге шығын келтірілген.
"Павлодар қаласының полиция басқармасы алаяқтық деректері бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу шараларын жүргізуде. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабы бойынша тергеу жүргізуге байланысты өзге ақпарат жария етілмейді”,- деп мәлімдеді прокуратура өкілдері.
Бейресми мәлімет бойынша, аталмыш мәселе “Самал” оңалту орталығына қатысты болып отыр. 30 жылға жуық уақыт мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерге қызмет көрсетіп келе жатқан орталықта қазір 78 тәрбиеленуші бар. Орталық басшылығы бұған дейін қаржыландырудың 70%-ы мемлекеттік тапсырыс екенін айтқан болатын. Соған сәйкес, бір адамға тәулігіне 4126 теңге төленеді.
Айта кетейік, осыдан бір ай бұрын мекеме басшылығы жеке ғимараттың болмауы салдарынан лицензия ала алмай қалғанын айтып, дабыл қаққан еді. Бұған дейін орналасқан ғимарат — әкімдік сенімгерлік басқаруға берген нысан. Ал жаңа жылдан бастап енгізілген өзгеріске сәйкес, оңалту орталығының жеке ғимараты болмаса, лицензия ала алмайды.
Ендігі ретте жоғарыда аталған мәселелердің барлығын құзырлы органдар анықтап, тиісті тергеу амалдарын жүргізеді.