Киік ұшаларын жинау жұмыстары жалғасып жатыр.
Ұлытау облысында Жезқазған қаласының аумағын киік ұшаларынан тазарту жүргізіліп жатыр. Биыл қыста 3 мыңға жуық киік өлексесі табылып, жойылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ақпан айынан бері атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Жезқазған қаласының аумағында бас-аяғы 660-тан астам, Қаражал қаласының аумағында 2342 киік өлексесі табылды. Ұшалар мал қорымдарына тасталып, жойылуда. Бұл мақсатта Жезқазғанда 6 арнайы техника, Қаражал қаласында арнайы техникалар мен 11 топ жұмылдырылған", — деп хабарлады Ұлытау облысының баспасөз қызметі.
Ақпаратқа сәйкес, киік өлекселерінен механикалық зақымдар анықталмаған. Комиссия мүшелері оларды жою бойынша акт толтырылып, қол қойылды.
Кеңгір су қоймасындағы мұздың еруіне байланысты қауіпсіздік мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің арнайы жасақталған мамандарынан құралған бөлімшелер жұмылдырылды.
"2025 жылғы қыс айында табиғи жолмен және бұралқы иттерге таланып өлген киік ұшаларын жинау жұмысы әлі де жалғасын табады", — делінген хабарламада.