0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !
Абай облысы Таскескен ауылындағы колледж алуан-алуан кәсіп иелерін дайындайды. Былтыр оқу орнына 120 бала түссе, биыл ниет білдіргендердің саны тіптен артқан. Өйткені аграрлық өлкеде ауыл шаруашылық саласының мамандары сұранысқа ие.
Қала, аудан орталығы емес Таскескен ауылының өзінде орналасқан бұл колледжден өңірге қажетті талай кәсіп иелері білім алған. Бір қызығы білім ошағының басшысының өзі де осы оқу орнының түлегі. Колледжді тәмамдағаннан бері қатардағы қызметкерден директорға дейін сатылап өсіпті.
Сабырбек Сәбитов, колледж директоры:
Қазіргі заманда мықты маман білгір, білікті болып шығуы керек. Сол кезде ол сұранысқа ие болады, қай жерде жүрсе де. Ауылда істеп жүрген қожалық ашып алып, жеке кәсібін дөңгелетіп отырған, қауын-қарбыз егіп, диқаншылықпен шұғылданып отырған балаларымыз бар. Жер алам десе, жерін беріп жатыр, мал өсіріп жатыр. Тек қана ерінбей еңбек етсе болды.
60 жылдық тарихы бар колледжде бүгінге дейін 10 мыңға жуық адам оқыған. Туған елінде қалып, еңбек етіп жатқандар көп. Жанерке Жақанова қазір бірінші курста. Бала кезден арманы – аспаз болу. Маман атанған соң аудан орталығынан мейрамхана ашпақ ойда.
Жанерке Жақанова, студент:
Маған аспаз мамандығы қатты ұнайды. Мен басында осы колледж туралы теріс ойда болғанмын. Осында келген соң ойым жақсы жаққа өзгерді. Отбасымда апайым осында оқып бітірген. Қазір жақсы маман иесі. Аспаз болу өмірде керек нәрсе ғой. Қайда болсын тамақ жасай білу – адамға керек зат. Осы аспаз мамандығымен өзімнің армандарымды орындаймын деп ойлаймын.
Колледжде әсіресе ветеринар, кондитер және слесарь-жөндеуші секілді мамандықтарға сұраныс артқан.
Қайрат Самбаев, арнайы пән мұғалімі:
Бірінші теориядан білім береміз, сосын егістікте далада жұмыс істейді балаларымыз. Оның бәрін көріп те жүр, тракторды үйреніп те жүр. Білікті маман дайындап шығу маңызды.
Алысқа бармай ақ аудан жастарының арасында ауылдағы колледжді таңдайтындар артқан соң, материалдық-техникалық базаны да талапқа сай жаңарта бастаған. Биыл 70 миллион теңгеге өтінім берілген. Оған қоса ауыл шаруашылық техникаларын алмақ.
Ержан Жақып