What are you looking for?

Шығыс Қазақстанда екі әуежайдың құрылысы басталды

28.03.2025

Бүгін Зайсан мен Қатонқарағайда жаңа әуежайлардың құрылысы ресми түрде басталды, деп хабарлайды 24KZ. Стратегиялық маңызы зор нысандардың құрылыс барысымен Қазақстанның Көлік министрі Марат Қарабаев арнайы барып танысты . Министр мәлімдемесінде бұл көпшілік асыға күткен инфрақұрылымдық жоба екенін атап өтіп, жұмыстың сапалы әрі жедел атқарылуы маңызды екенін ескертті.

Еске салайық, Зайсан мен Қатонқарағайда әуежай салу туралы тапсырманы бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген болатын.

Шекара шебінде орналасқан Зайсан ауданында кезінде әуежай жұмыс істеген. Алайда уақыттың сынына төтеп бере алмаған ескі нысан бүгінгі заман талаптарына сай келмейді. Осыған байланысты жаңа әуежай салу туралы шешім қабылданды. Жаңа нысан қаладан 25 шақырым қашықтықта, бұрынғы әскери әуе айлағының аумағында бой көтермек. Бүгін көптен күткен құрылыс жұмыстары ресми түрде басталды. Тұрғындар үшін бұл үлкен жаңалық әрі өңірдің болашағына тың серпін беретін маңызды қадам. Құрылыс барысын өз көзімен көру үшін Зайсанға ҚР Көлік министрі арнайы келді. Ведомство басшысы жаңа әуежайдың ішкі рейстерге ғана емес, халықаралық бағыттағы ұшуларға да жол ашатынын айтты.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- Зайсанға осында Баянөлгеймен тағы әуе қатынасын қамтамасыз ету, ал тағы Қытаймен Үрімшімен және Алтаймен әуе қатынасын қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Әуежай құрылысы тұтас Омбы Майқапшағай жолымен алғанда елде Зайсанда үлкен логистикалық хаб құрылысының негізін қалап отыр.

Ұшу-қону жолағы 2200 метрге жететін жаңа әуежайдың заманауи әуе кемелерін қабылдауға толық мүмкіндігі болады. Сағатына 150 жолаушыға қызмет көрсете алады. Бұл шалғай өңір үшін зор жетістік. Ауқымды жобаның басталуы ауыл тұрғындарына үлкен үміт сыйлады. Енді жол жүру жеңілдеп, барыс-келіс артып, өңірдің дамуына серпін береді деген сенім күшейіп отыр.

Болатбек Нұрасыл, Зайсан ауданының тұрғыны:

- Бұл біздің өңір үшін үлкен жақсылық болғалы тұр. Өйткені бұл логистика күшейеді. Мысалы, қазіргі күннің өзінде Қытай елінен келген қанша азамат бізде автобуспен Зайсанға келіп, автобуспен Астана, Алматыға басқа жаққа жүреді. Міне, ұшақтар Алматы, Астанаға ұшса, осы өңірдің азаматтары да тез ұшады.

Қазіргі таңда Зайсан өңіріне жыл сайын шамамен 23 мың турист келеді. Мамандардың айтуынша, егер әуе қатынасы жолға қойылса, бұл көрсеткіш бірнеше есе артуы ықтимал. Салалық министрлік өңірдегі инфрақұрылымды дамыту аясында екі бірдей әуе айлағының құрылысын бақылауға алған. Министр мердігер компанияларға нысандарды осы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. Бұл келесі туристік маусымда әуежайлар алғашқы рейстерді қабылдауға дайын болуы тиіс деген сөз.

Авторы: Эльмира Ахметова