Қазақстандықтардың депозиттегі қаржысы еселеп артуы мүмкін.
Жалпы, қазір отандастарымыздың депозитте сақтап отырған жинағы 24 трлн теңгеден асады. Оның 18 трлны теңге валютасымен сақталған. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры осы наурыздан бастап теңгемен ашылған депозиттердің сыйақы мөлшеріне шектеу қоймайтынын жариялағанын білеміз. Яғни, банктер депозитке қанша сыйақы белгілейді – өздері біледі. Дегенмен көріп отырмыз, пайыздарда айтарлықтай өзгеріс болып жатқан жоқ. Негізі бұл шара банктер арасындағы бәсекелестікті арттырады деп күтілген еді.
Қаржылық ұйымдар қандай шарттар ұсына алады?
Сонымен, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры депозит нарығындағы мөлшерлемелерді реттеу жүйесіне маңызды өзгерістер енгізді. Бұрын бұл қор банктер үшін шекті мөлшерлемелерді белгілеу арқылы депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін реттеп келген.
Бұл тәжірибе бастапқыда банктердің жоғары мөлшерлеме ұсыну арқылы салымшыларды тартып, қаржы тұрақтылығына қауіп төндіруінің алдын алуға бағытталды. Яғни, банктер клиент тартамыз деп банкротқа ұрынбас үшін жасалып келген амал. Өйткені банк салымшыларға жоғары сыйақы берсе, өздері көп шығындалып, қауіп-қатерге баруы мүмкін еді.
Қор алғаш рет 2008 жылдан бастап барлық банктер үшін шекті мөлшерлемелерді белгіледі. Егер банк белгіленген шектен асып кетсе, Қорға қосымша жарна төлеуге міндетті болды. Бұл шара банктер арасындағы бәсекелестікті реттеп, депозит нарығын тұрақтандыруға ықпал етті.
Алайда уақыт өте келе банк секторының тұрақтылығы артты, қор нарықтық реттеуге көше бастады. 2018 жылдан бастап шекті мөлшерлемелер нарықтық деңгейге бейімделіп, ай сайын қайта қаралып отырды.
Ақыры 2025 жылдың 1 наурызынан бастап ҚДКБҚ теңгелік депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді толық жоятынын жеткізді. Бұл банктерге өздерінің депозиттік саясатын нарықтық жағдайға сай реттеуге мүмкіндік бермек. Дегенмен өзгеріс ұлттық валютаның жинақтарына ғана қатысты, шетел валютасындағы депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелер бұрынғыдай сақталады.
Енді алда не болуы мүмкін? Биыл депозит нарығы одан әрі дамиды, ал банктер арасында бәсекелестік күшейе түседі. Халық қай банк көп сыйақы ұсынса, соның клиенті атанады. Оның үстіне теңгемен сақталатын депозиттер көбейері сөзсіз.
Алғашқы ай өтті, банктер қазір тым белсенді көрінбейді. Неге? Өйткені сыйақы мөлшерлемесін арттыру бәрінен бұрын банктердің өзіне тиімсіз, клиент тартамын деп жүріп қолындағыдан қағылуы мүмкін.
Айтпақшы, кезінде несие пайызы мен депозиттердің сыйақы мөлшерлемесі пайызын теңестіру жөніндегі ұсыныстар болған. Алайда сол кезде банк өкілдері бұндай тәсіл қаржы ұйымдарына табыс түсірмей, банкротқа ұшыратынын алға тартқан еді. Міне, сондықтан банктер несие пайызын көтеруде еш тартынбайды, ал депозиттерге келгенде әңгіме басқа.
Клиенттерге кері әсері бола ма?
Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, теңгелік депозиттерде пайыздық мөлшерлемені шектеуді жою – банктерге көбірек еркіндік бермек.
Банктер арасында бәсекелестік күшейген жағдайда кейбір қаржы институттары клиент тарту үшін өз депозиттерінің сыйақы мөлшерлемесін өсіруі әбден мүмкін.
– Шағын және орта деңгейдегі банктер үшін бұл маңызды құралға айналмақ. Ал ірі банктер бұндай шараға көп бара бермейді. Өйткені олардың клиенттер базасы тұрақты, өтімділігі жоғары. Жоғары пайыз – жоғары тәуекел. Депозиттердің сыйақы мөлшерлемесін арттыру кейбір банктерге қаржылық тұрақсыздық қаупін тудыруы мүмкін. Мәселен, 2008-2015 жылдары кей банктер қаржы портфелін дұрыс басқара алмай банкротқа ұшырағаны белгілі, – деді сарапшы.
Ысқақовтың сөзінше, бір жағынан бұл шара халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруы да мүмкін екен. Өйткені артық ақшасын банкте сақтағысы келетін салымшылар әр қаржы ұйымының шарттарын зерттей бастайды. Бірақ кей азаматтар жоғары пайызға қызығып, тәуекелі жоғары банктерге ұрынатыны жасырын емес.
– Бұл өзгеріс банктерді шартты түрде екі топқа бөлуі ғажап емес. Біріншісі, консервативті, яғни, ірі әрі сенімді банктер. Олар тұрақты клиенттерге арқа сүйеп, депозиттің сыйақы пайызын айтарлықтай өзгертпейді. Екіншісі, агрессивті банктер. Бұлар клиент тарту үшін жоғары пайыздар ұсынады. Алайда ұзақмерзімді тұрақтылыққа жетуі қиын. Басқа да факторларды ескерген жөн. Егер инфляция күшейе берсе, базалық мөлшерлеме де, депозиттердің пайыздары да артады. Дегенмен нарықтағы негізгі ойыншылар өз мөлшерлемесін тұрақты ұстаса, жүйеде айтарлықтай бетбұрыс болмайды. Бұл шараның тиімділігі банктердің ұзақмерзімді стратегияларымен тікелей байланысты, – деді экономист.
Әйтсе де осы бастан сарапшылардың көбі жоғары пайызбен сыйақы ұсынатын банктерге қызығудың қажеті жоғын айтуда. Қайткен күнде де сала бақылаусыз қалмайды. Депозиттің пайыз мөлшерлемесі нарықтағы орташа көрсеткіштен асса, банктер бұрынғыша артық жарна төлейді. Сондықтан қаржы ұйымын әбден зерттеп алған жөн. Себебі активі аз, тұрақтылығы төмен банктер кейін дағдарысқа ұшырап, салымшыларды әбігерге салуы мүмкін.
Жасыратыны жоқ, уақытында Ұлттық қордан, "Самұрық-Қазынадан" қаржы бөлдіріп, банкротқа кетпеуі үшін банктерге жәрдем берілді. Бірақ олар клиенттерге аса тиімді шарттар ұсына алған жоқ. Егер депозиттің сыйақы мөлшерлемесі өссе, несие пайызы да өсе ме деген қауіп бар. Кез келген банкте депозитке сый ретінде берілетін пайыздан, несиеге берілетін пайыз жоғары болады. Ұлттық банктің пайыздық несиені 50 пайыздан көтермеу туралы шектеуі бар. Егер депозиттік мөлшерлеме 20 пайызға барса, несие мөлшерлемесі 40 пайызға дейін көтеріліп кетуі ғажап емес.
Депозиттер бойынша кепілдік мөлшері сол күйі сақталады. Яғни, мемлекет теңгедегі жинақтар үшін кепілдік соммасы 20 млн, мерзімді және мерзімсіз салымдар үшін 10 млн, ал шетел валютасындағы депозиттер үшін 5 млн теңгеге кепілдік береді.
Бұл өзгерістің қабылданғанына 1 ай енді толмақ. Банктер айтарлықтай белсенді емес, шамасы стратегияларын жан-жақты саралап, депозит сыйақысын өсірудің қажеттілігі бар ма, жоқ па – зерделеп жатқан іспетті. Нәтижесі қалай болары алдағы жартыжылдық көлемінде аңғарылуы мүмкін.