Жеңіспен оралған соң соғыс қиратқан ел экономикасын қалпына келтіру жолында бел шешпей ұзақ жыл бойы еңбек етіп, туған жерінің гүлденуіне бар ғұмырын арнаған майдангерлердің орны – бір төбе. Сондай ардақты жандардың бірі – Шаңқұл Қаженов 1913 жылы Гурьев облысы Еспұл ауданында, қазіргі Атырау облысы Индер ауданы №1 ауылда туған.
Қаршадайынан еңбекке араласқан ол 1931 жылы он алты жастағы бозбала шағында еңбек сауалнамасына тағы екі жыл қосып, өзін 18 жасқа толған азамат етіп көрсетіп, еңбек жолын жұмысшы болып бастайды. Бұғанасы қатпағанына қарамастан еңбек еткен жас өрен жаспын деп именбей, өзінен үлкендермен қатар жұмыс істеп, еңбектің көрігін қыздырады. Шаңқұл 1932–1935 жылдары Гурьев облысы Еспұл ауданындағы Передовик ұжымшарының мүшесі болып жұмысын жалғастырды. «Индерборстрой» тресінің Индер борат кенішінің құрылысы басталған шақта, 1935 жылы құрылыс нысанына жұмысқа орналасқан жас жігіт кеніш іске қосылғаннан кейін алдымен техникалық жабдықтау қоймасында жұмысшы болса, соғыс басталғанға дейін техникалық жабдықтау таразышысы болып жұмыс істейді.
Соғыс басталған кезде, 1941 жылдың маусым айында алғашқы еріктілер қатарында Шаңқұл Қаженов те майданға аттанды. Ол соғыстың үшінші күні-ақ Отанын жаудан азат ету үшін алғашқылардың сапында қолына қару алып, жауынгер атанған еді.
Ұрыс даласында ол атақты Қызыл Ту, Ленин, Суворов орденді 218-атқыштар дивизиясының 658-атқыштар полкінің сапында Кеңес одағының маршалы И.Конев қолбасшылық еткен 1-Украина майданының 3-гвардиялық армиясының құрамында фашистерге қарсы шайқасты. Батыр сарбаз жаумен бетпе-бет келіп, кескілескен шайқас кезінде көрсеткен ерлігі үшін «Гвардия» төсбелгісімен марапатталды.
Автоматшылар взводын басқарған сержант Ш.Қаженов батырлық танытып, сарбаздарын жауға жан аямай тойтарыс беруге жігерлендірді. Отан алдындағы жауынгерлік борышын адал атқаруды мақсат еткен сержант 1942 жылы ВКП (б) қатарына қосылды.
Батыс Украинаның Волынск облысындағы Локач, Крупениче, Селец елді мекендерін жаудан азат ету кезінде неміс басқыншыларымен болған шайқастарда Ш.Қаженов ерен ерлігімен көзге түсті.
1943 жылы Курск шайқасында оның взводы жаудың қоршауына түсіп қалады. Шайқас кезінде командир қаза табады да, Ш.Қаженов шұғыл шешім қабылдап, командирдің міндетін өзіне алып, сарбаздарға рух беріп, жаудың жеті шабуылына тойтарыс беріп, жеке қаруымен 17 немістің көзін жояды. Осындай көзсіз ерлігі үшін жауынгер қазақ «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.
Осылайша Ш.Қаженов взвод командирі тізгінін қолына алады. Бойындағы бар күш-жігерін, жастық жалынын Отанын жаудан азат етуге арнап, туған жеріне жеңіспен оралуды мақсат етті.
1944 жылы 16 шілдеде автоматшылар тобымен жау шебіне басып кіріп, 5 фашисті жеке қаруымен жойып, жаудың кескілескен жеті дүркін қарсы шабуылын тойтарады. Шаңқұл неміс офицерін өлтіргеннен кейін оның маңызды құжаттары бар планшетін иеленген. Полк командирі бұл планшетті Ш.Қаженовке сый ретінде табыс етіпті, көзсіз ерліктің куәсі болған сол планшет батырдың отбасында әлі күнге дейін сақтаулы.
Кескілескен майданда қолбасшылықтың жауынгерлік тапсырмасын үлгілі орындағаны, жеке батылдығы мен ерлігі үшін гвардия сержанты Шаңқұл Қаженов бірнеше әскери наградалармен марапатталған. «Қызыл Жұлдыз» орденімен қатар ІІІ дәрежелі «Даңқ», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен, кейіннен «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін», «КСРО Қарулы Күштеріне 50 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.
1944 жылы шілдеде Батыс Буг өзеніндегі жаудың бекінісін жарып өтіп, Висла өзені арқылы жылжумен Польшаның Сандомир қаласы маңындағы плацдармды алуға бағытталған шайқасқа Ш.Қаженов белсене қатысып, кескілескен ұрыста ауыр жараланып, салдарынан оң аяғы кесіліп, бүйрегі алынады. Дұрыс жасалмаған медициналық ампутацияның кесірінен оның аяғы бірнеше рет арамен тірідей кесілген екен.
Ауруханаларда ұзақ емделген Шаңқұл туған жеріне соғыс аяқталған соң 1946 жылы қарашада оралады. Елге келген соң мүгедектігіне қарамастан, халыққа қызмет етуді парыз санаған батырды Индер аудандық партия комитеті жолдамамен «Индерборстрой» азық-түлікпен қамтамасыз ету бөліміне асхана меңгерушісі етіп тағайындайды. Осы жерде ұзақ жыл бойы адал қызмет атқарып, 1952 жылы жұмысшыларды қамту бөлімі наубайханасының бастығы лауазымына тағайындалады. Бұл жердегі қызметінде де алғырлық танытқан Ш.Қаженов өндірістік жоспарды орындауда қол жеткізген жақсы көрсеткіштері үшін Индер аудандық партия комитеті мен Индер борат кеніші (ИБК) басшылығы тарапынан бірнеше мәрте мадақтауға ие болды.
1965 жылы Индер борат кеніші жұмысшыларды қамту басқармасы асханасының меңгерушісі болып тағайындалып, 1974 жылы өмірден озғанға дейін осы қызметте болды. Сол кездегі ұйымдастырылатын социалистік жарыста ол басқаратын асхана үнемі алдыңғы қатардан көрінді.
Шаңқұл Қаженов Индер ауданы Индер ауылында тұрып, Отанының игілігі үшін еңбек етті. Адал атқарған еңбегінің арқасында өз ортасында сый-құрметке бөленді.
Жұбайы Дәмешпен бірге төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Өнегелі отбасында өскен перзенттері жоғары оқу орындарында жақсы білім алып, ел үшін абыройлы еңбек етіп жүр. Бүгінде Шаңқұл Қаженов мен Дәмеш Берікбосынқызы ұрпақтарының әрқайсысы үбірлі-шүбірлі. Солардың бірі Маңғыстау облысы сот жүйесінде ширек ғасырдан аса уақыт қызмет еткен судья Хамида Қаженова Жеңістің 80 жылдығы тұсында әкесі Шаңқұл Қаженовтің рухын ұлықтап, ерлігін ел есінде сақтау үшін майдангердің туып-өскен, өркендеп, гүлденуі жолында тер төгіп, еңбек сіңірген ауылындағы көшенің біріне оның аты берілсе деген тілегін де жеткізді.
Расымен, батырлардың ерлігі – ұмытылмас тарих. Майдангерлердің барлығы да жоғары құрметке лайық.
Маңғыстау облысы