What are you looking for?

Шығыс Қазақстанға салынатын екі әуежайға мамандар қайда даярланатыны белгілі болды

29.03.2025

Болашақта Қытай мен Ресейге рейстер ашылуы мүмкін .

Президенттің тапсырмасымен Катонқарағай мен Зайсан аудандарында әуежай құрылысы басталған болатын. Осыған орай облыс әкімі авиация саласы бойынша мамандардың қайда даярланатынын айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Биылдан бастап біз Саратовка колледжінде авиация саласының мамандарын даярлауды бастаймыз, ал оларды тәжірибелік оқыту ШҚО-дағы тікұшақ отряды базасында өтетін болады, – дейді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Аймақ басшысының айтуынша, аталған екі әуежай туристер арасында дәстүрлі түрде сұранысқа ие аймақтарда орналасады. Әуе қатынасының ашылуы туристік ағынды едәуір арттырып, жергілікті бизнестің дамуына серпін береді, жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірлердің инвестициялық тартымдылығы артады және халықтың өмір сүру сапасы жақсарады.

– Катонқарағай ауданындағы әуежай Белқарағай мен Өрнек елді мекендерінің арасында, "Өскемен – Рахман қайнары" автожолының бойында салынады. Ол Катонқарағай ауылынан 25 шақырым, Үлкен Нарын ауылынан 62 шақырым қашықтықта орналасады. Зайсан ауданында әуежай бұрынғы Сатпай әскери аэродромының орнында, "Қалбатау – Майқапшағай" трассасының маңында бой көтереді. Ол Зайсан қаласынан 25 шақырым, Ақжар ауылынан 85 шақырым жерде салынады, – дейді облыс әкімі.

Айта кету керек, Катондағы әуежай теңіз деңгейінен 1030 метр биіктікте орналасатындықтан, елдегі ең биік әуежай болады. Бұл әуежайлар ШҚО-дағы бірнеше аудан мен облыс орталығын байланыстыратын көлік-логистикалық хаб қызметін атқарады. Осылайша, жүк және жолаушылар тасымалы тұрақты қамтамасыз етіліп, тауар айналымының артуына ықпал етеді.

Құрылыс жұмыстарының бірінші кезеңінде ұзындығы 2200 метр, ені 45 метр болатын ұшу-қону жолағы салынады. Бұл әуежайлардың Q400, ATR 42/72, CRJ200 ұшақтарын қабылдауына мүмкіндік береді.

Әуежайлар Өскемен, Алматы және Астана бағытындағы рейстерді ғана емес, болашақта Қытай мен Ресей қалаларынан келетін халықаралық рейстерді де қабылдайтын болады. Бұл шетелдік туристердің ағымын арттырып, жаңа бизнес-идеялардың іске асуына жол ашады.

Social Link

Follow Me On Social Media