What are you looking for?

Жамбыл облысында жер сілкінісіне қатысты жедел штаб отырысы өтті

29.03.2025

Жамбыл облысында жер сілкінісі болған Меркі және Т.Рысқұлов аудандарындағы табиғи апат салдарын жою бойынша жедел штаб отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жиында Меркі және Т.Рысқұлов аудандарының әкімдері ағымдағы жағдай бойынша есеп берді. Аудандарда зардап шеккен азаматтар тіркелмеген. Тіршілікті қамтамасыз ету нысандары қалыпты режимде жұмыс істеуде. Жалпы Меркі және Т.Рысқұлов ауданында 14 әлеуметтік нысан ішінара зардап шеккен. Оның ішінде 9 білім беру, 2 денсаулық сақтау, 1 әлеуметтік қорғау, 1 спорт және 1 мәдениет нысаны бар.

Қосымша бүлінген нысандарды анықтау, зерделеу жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен бірге аудан әкімдеріне ауылдық елді мекендердегі нысандарды толық аралап, ахуалды көзбен көруді, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, қажеттілігіне қарай психологиялық көмек көрсетуді ескертті.

Облыс әкімі БАҚ пен әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттардың таралып жатқанына назар аударды. Жамбылдықтарды тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырды.

Айта кетейік, тұрғындарды алаңдатқан Меркі ауданына техникалардың келуі, уақытша шатырлардың орнатылуы — ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған алгоритмге сәйкес жүргізілуде. Алаңдауға негіз жоқ. Бұл барлық тиісті мекемелердің күшейтілген режимде жұмыс істеп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған сақтық шаралары ғана болып отыр.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың 28 наурыз күні түнде Жамбыл облысының бірқатар ауданы мен Тараз қаласында жер сілкінісі тіркелген болатын. Жер асты дүмпуінің жоғары қарқыны – 5 балл – Меркі ауданында орын алды. Т.Рысқұлов ауданында жер сілкінісінің күші 4 баллды, Тараз қаласы мен қалған аудандарда – 2 баллды құрады. Жер сілкінісі 15:56-да қайта сезілді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жедел штаб жұмыс істеуде.

Social Link

Follow Me On Social Media