Қазақстан Словениямен бірқатар бағытта ынтамақтастық құруға ниетті.
Бұл туралы Ақордада елімізге ресми сапармен келген Словения Президенті Наташа Пирц-Мусармен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Екі ел бизнес өкілдерінің байланысын тереңдету – маңызды міндеттердің бірі. Осыған орай Қазақстан-Словения іскерлік кеңесін құру мәселесін талқыладық. Президент Пирц-Мусармен бірге елімізге Словенияның ірі кәсіпкерлері де келді. Ертең олардың қатысуымен бизнес форум өтеді. Бұл шара осы бағыттағы жұмысты күшейтуге ықпал етеді деп ойлаймын. Сонымен қатар көлік-логистика саласындағы байланыс аясын кеңейту қажеттігін талқыладық. Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына Словенияның Luka Koper теңіз портын тарту мәселесін талқыладық. Ортақ пікірге келдік деп айтуға болады. Өзара алыс-берістің көлемін арттыру үшін құзырлы органдарға нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма бердік. Бұдан бөлек су ресурстарын басқару ісіне словен тарапының озық тәжірибесін зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткіздім", — деді Мемлекет басшысы.
Президент тағы бір маңызды бағыт – мәдени-гуманитарлық ықпалдастық жайына тоқталды.
"Білім, ғылым және мәдениет саласындағы қатынасты жандандыруға мол мүмкіндік бар. Жалпы, Словенияның білім беру жүйесі дүниежүзінде озық жүйе ретінде мойындалған. Сондықтан біз екі ел университеттері арасында байланыс орнатуға мүдделіміз. Қазақстан Словенияның жоғары оқу орындарымен және зерттеу орталықтарымен ынтымақтастықты нығайтуға дайын", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.