What are you looking for?

Қазақстанға қатысы бар олигарх қаржысын үнемдеу үшін күтпеген шешімге келді

31.03.2025

Былтыр Ұлыбританиядағы ең бай адамдардың тізімінде 7-орында болған бизнесмен аталған елден кетуі мүмкін.

Бұған ондағы салықтың көбейгені әсер еткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Үндістандық олигарх, 30 жыл бойы қазақстандық шахталарға иелік еткен Лакшми Миттал осындай шешім қабылдап отырған көрінеді.

Еске салайық, Британия резидент емес тұлғаларға қатысты салық реформасын өзгерткен болатын. Миттал елден салық үшін көшіп бара жатқан ең бай адамның бірі саналуы ықтимал. Бұл туралы Financial Times жазып отыр.

– Ол жыл соңына дейін нақты шешім қабылдайды. Ол Ұлыбританияның салық резиденті болуын тоқтататын шығар, – деді Financial Times-қа оның жақын досының бірі.

74 жастағы "ArcelorMittal"-дың иесі салықты азырақ төлейтін БАӘ, Италия, Швейцария сияқты елдердің біріне көшуі мүмкін екені болжанған.

2024 жылы Миттал Sunday Times нұсқасы бойынша Ұлыбританиядағы ең бай адамдардың тізімінде 7-орынды еншіледі. Оның байлығы 14,9-18,6 миллиард АҚШ долларына тең.

Ол 2004 жылы әлемдегі ең қымбат делінген зәулім сарай Kensington Palace Gardens-ті 67 миллион АҚШ долларына сатып алған болатын.

Митталдың Швейцариядағы Сент-Мориц тау шаңғысы курортында үлкен үйге, сонымен қатар Еуропа, АҚШ және Азияда бірнеше жылжымайтын мүлікке иелік етеді. Кей дереккөздер оның Дубайдан да үй сатып алғанын растайды.

2023 жылы "ArcelorMittal-дың" басқаруындағы Костенко шахтасында 46 жұмысшы қаза тапқан соң, Қазақстан билігі Митталмен ат құйрығын кесті. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының аты ресми түрде QARMET болып өзгертіліп, оған жаңа инвестор болып Qazaqstan Steel Group атынан кәсіпкер Андрей Лаврентьев келді.

Еске салайық, Лакшми Митталдың компаниясы қазақстандық щахталарды басқарған 30 жыл уақытта 150-ге жуық шахтердің отбасы қайғыдан қара жамылды.

Social Link

Follow Me On Social Media