Қытайдың жасанды интеллектімен жабдықталған жаңа Rainbow-9 ( Цайхун-9 ) соңғы ұшқышсыз басқарылатын аппараты 10 мың шақырымнан астам қашықтықты бағындыра алады
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
South China Morning Post (SCMP) газетінің мәліметінше, мемлекеттік CCTV телеарнасы Шэньси провинциясындағы аэродромда ұшу сынақтары кезінде Rainbow 9 түсірілімін көрсетті. Аппарат 20 сағаттан астам уақыт ұшты.
Әскери сарапшы Сун Чжунпин басылымға Rainbow 9 аппаратына ЖИ жүйелерін орнату оның әскери тиімділігін айтарлықтай арттыратынын хабарлады.
Оның атап өтуінше, Rainbow-9 бір уақытта бірнеше ұшқышсыз аппаратты басқара алады. Бұдан бөлек, құрылғы басқарылатын жауынгерлік ұшақтармен бірге жұмыс істеуге қабілетті.
—Rainbow-9 сияқты ұшқышсыз ұшатын аппараттардың басқарылатын жойғыштармен қатар жұмыс істеуі қалыпты жағдай, — деп қосып өтті сарапшы.
Аппарат 0,5-тен 0,75 Мах-қа дейінгі жылдамдықпен ұша отырып әуеде 40 сағатқа дейін бола алады. Бұл оған 10 мың шақырымнан астам қашықтықты еңсеруге мүмкіндік береді. SCMP атап өткендей, Қытай аэроғарыштық ғылыми-техникалық корпорациясы (CASC) әзірлеген Rainbow-9 «топтамадағы ең озық ұшқышсыз басқарылатын аппарат». Оның қанатының ұзындығы 24,8 метр, бұл 10 мың метрден жоғары биіктікте ұзақ мерзімді миссиялар өткізу үшін жеткілікті көтергіш күшін қамтамасыз етеді.